Жеңістің 80 жылдығы: Алматыда халықаралық конференция өтті
Келесі жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толады.
Осыған орай Алматыда «Бұрынғы одақтас республикалардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» деген тақырыппен, халықаралық конференция өтті. Оған Ресей, Беларусь, Армения мемлекеттерінен ардагерлер ұйымы мен қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары арнайы келді. Басқосуда қатысушылар адамзат тарихындағы ең зұлматты соғыстың зардабы мен Ұлы Жеңісті жақындатқан майдангерлер туралы естеліктермен бөлісті. Соның ішінде қазақстандық жауынгерлердің қаһармандығы мен тыл еңбеккерлерінің жанкештілігі айтылды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс бұрынғы одақтас республикалардың бәріне ортақ. «Соны өскелең ұрпақ ұмытпауы тиіс», – дейді конференцияға қатысушылар.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Конференцияның негізгі мақсаты – Ұлы Жеңістегі тәуелсіз мемлекеттер достығының үлесі. Сөз жоқ, барлық ауыртпалығын көтерген де, жеңіске жеткізген де сол кездегі Кеңес Одағының халқы, әскері болатын. Қазіргі кезде тарихты бұрмалап жүрген адамдар бар. Жастарымызда дұрыс түсінік болуы үшін осындай іс-шара өтіп жатыр.