Әлібековтер отбасының барлық ер азаматы жұмысшы мамандығын таңдаған
Ақтоғай ауданында бір отбасының игеріп отырған егістік көлемі 480 гектарға жеткен. Әулеттің барлық ер азаматы жұмысшы мамандығын таңдаған, деп хабарлайды 24kz.
Қырық жылдай көлік айдап, еңбек еткен Сейтахмет Әлібеков ақсақал балаларының бойына «Еңбектің наны тәтті» деген ұғымды жастайынан сіңірген. Қария әлі күнге қол қусырып қарап отырмайды. Бау-бақшаны күтіп баптайды.
Төрт ұлдың еншісін бөліп берген Сейтахмет атаның қара шаңырағынан қонақ үзілмейді. Көпті көрген қариядан ақыл-кеңес сұрайтындар көп. Кенже баласы шаруа қожалығын әкесінің рұқсатымен ашыпты. Қазір бұл әулеттің ер-азаматтары түгелдей егіс басында.
Сейтахмет Әлібеков, Ақтоғай ауылының тұрғыны:
- Шамам келмей қалған соң сиырды ұлдардың біреуіне, жылқыны біреуіне, қойды да өздеріне бердім. Мә, қарақтарым, мен әне грузовой машиналарым, өздерің енді басшылық жасаңдар. Мен аяғыммен өзім жүрсем болды деп. Бірақ үйде отыра алмаймын. Осы картобымды салам.
Он жыл бұрын жиырма гектарға картоп еккен шаруашылықта қазір егістік көлемі 480 гектарға жеткен. Бидай мен арпа да себеді. Әкесі мен жасы үлкен бауырларының қолдауымен кенже ұлдың ісі ілгері басқан.
Ербол Әлібеков, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз үлкен әулеттен шықтық. Отбасымызда 11 бала. Бауырларым менімен бірге істейді. Туғандарың жаныңда болғанға не жетсін. Біз қандай іске болсын ақылдасып барып кірісеміз. Шаруашылықта әрқайсысының алатын орны бар. Әркім өз ісімен айналысады. Мен әркез ағаларыма үміт артамын.
Комбайн мен жүк көліктерін, жалпы ауылшаруашылық кешеніндегі барлық техниканы бір әулеттен шыққан ағайындылар тізгіндейді. Олар әкелерінің жанында жүріп техниканың тілін әбден меңгерген.
Айдынбек Әлібеков, жүргізуші:
- Әкеміз міне, 85-ке келді. Пенсияға шопыр болып шықты. Ізін біз басып келеміз енді. Енді әкейдің қасында жүрген соң үйренесің, сосын қанға сіңіп кетеді. Жаман емес, шопыр болған. Ұлым да шопыр әне, менің қасымда жүріп, шопыр болып кетті ол да. Ол да бір «Камаз» жүргізіп, түгеліміз осы ауылдамыз. Жермен айналысып, сол енді еңбек етіп жүрміз ғой.
Кәсіби маман тапшылығы барлық шаруа қожалықтарына тән ортақ мәселе. Ербол Әлібеков жұмысшыларды ынталандыруға баса мән береді.
Ербол Әлібеков, шаруа қожалығының басшысы:
- Егіс алқаптары көбейген сайын механизатор, агроном басқа да мамандарға сұраныс артады. Жастарды ауылда тұрақтандыру үшін ең алдымен жағдайын жасаймыз. Үй-жайын реттеп береміз. Ұзақ жыл бірге жұмыс істеп жатқан адамдардың баспаналарын жаңартып жатырмыз.
Биыл картоп жинау науқанын шаруалар екі аптаға кеш бастады. Өнім жақсы шыққан. Бағасы да жаман емес. Ендігі мәселе – алған өнімді ысырапсыз жинап, қоймаға жеткізу. «Ағайын тату болса, ат көп» дегендей, барша бауырлардың бірлігі де осындай жауапты әрі қауырт шақта сыналса керек.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков