Шымкенттік қолөнершілер ескі заттардан заманауи бұйымдар жасайды

Шымкентте шығармашыл жандар қажетсіз заттарды қайта кәдеге жарату ісін жолға қойды, деп хабарлайды 24kz.

Олар кез келген пластик, шыны және қағаз қаптамаларды өңдеп, қолданбалы өнер туындысына айналдырады.

Ал дайын өнімнің саудасынан түскен қаражат ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталады. Ел арасында еңбекқорлығымен танылған азаматтармен арна тілшісі Нұрсұлтан Мұхамеджан тілдесіп қайтты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Адэлинаның қолынан шыққан мына картина қарбалас қала мен дала өмірін бейнелейді. Түрлі заттармен көмкерілген өнер туындысын жасауға 3 ай уақыт жұмсалған. Айтуынша, қиялға ерік беріліп, ерекше ықыластан туғандықтан мән-маңызға ие.

Адэлина Волкотюк, қала тұрғыны:

- Біз мұны әртүрлі ойыншықтардан жинадық.

Қажетсіз чиптердің бөлшектерін пайдаланып, лампалар мен жіптерді де қолдандық. Ойынқұмарлығы басылған балалар бізге өз ойыншықтарын өткізіп жатады. Оларды осындай еңбектерге қосамыз. Әдемі картина әрдайым сұраныста.

Ерікті Мария Брезинская – ерекше жобаның ұйымдастырушысы. Оның бастамасын Адэлина сияқты қолынан іс келетін шеберлер бірден қолдады. Мұндағы әртүрлі мүсіндер мен кәдесыйларға, жарамсыз киімдерден тігілген жаңа үлгілерге нарықта сұраныс артты. Сондықтан қалдықты қайта кәдеге жарату ісі экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді бола түсті.

Мария Брезинская, қала тұрғыны:

- Біз шыны бөтелкелер мен қаңылтыр, пластиктерді де тастамаймыз. Керісінше, оларды қабылдап кәдеге жаратуға тырысамыз. Тұрғындар тарапы бізге ұшақтың қозғалтқышы мен зымыранның қанатын да өткізген кездері болды. Бұдан өзге кез келген жарамсыз заттарды әкеліп тастайды. Ал біз оларды қайтадан өңдеп, қолданысқа қажетті бұйымдарға айналдырамыз.

Он саусағынан өнері тамған шеберлердің әрбір еңбегі асқан ыждағаттылықпен жасалады. Қажетті шикізат үшін жүздеген тонна қажетсіз қалдық қайта өңделген. Ал оларды сәндік бұйымдарға айналдыруға айлап уақыт арналады.

Наталья Голубцова, қала тұрғыны:

- Әрине, өте күрделі, ұзақ уақытты қажет ететін қажырлы жұмыс. Саусақ сыймайтын орынға зергерлік жарақтарды пайдаланып, көз майын тауысамыз. Нәтижесінде ересек адамның күнделікті киюіне болатын осындай киім үлгелерін жасап шығарамыз. 

Шеберлердің сөзінше, дайын өнімдердің саудасынан түскен қаражат қайырымдылық қордың есепшотына аударылады. Ал тиыннан теңге құралған соң ауыр дертке душар болған балалардың еміне жұмсалатынын айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов