Биыл қазақстандықтар өмірін ₸200 млрд-қа сақтандырды
Қазақстандықтар көлік қана емес, өз өмірлерін де сақтандыра бастады, деп хабарлайды 24kz.
Әрине, көлікті қаласаңыз да, қаламасаңыз да сақтандыруға тиіссіз. Ал өз өміріңізді сақтандыру міндетке жатпайды.
Содан болар, көпшілік өз өмірін сақтандыруға онша құлықты емес. Артық шығын деп есептеп келген. Бірақ кейінгі есептер қазақстандықтар бұл мәселеге көңіл аудара бастағанын көрсетті.
Сөйтіп өз өмірін сақтандырған қазақстандықтардың қатары қаншалықты өсті?
Дамыған елдерде өмірді сақтандыру әдеттегі жағдайға айналғалы қашан. Біздің елде бұл қызмет 2000 жылдардан бастау алады. Қазіргі таңда халықтың тек 0,8%-ы ғана осы ерікті сақтандыру полюстеріне ие. Солардың бірі – Астана қаласының тұрғыны Сәуле Жәкіжанқызы.
Сәуле Молдағұлова, Астана қаласының тұрғыны:
- 2000 жылдардан бастап мен өмірімді сақтандырдым, өзімдікін. Одан кейін осы 2-3 жыл бұрын қызымдыкін әрі немеремнің өмірін сақтандырдым. Менің өзімде полюс бар ақша жинауға, 70 жасымда жинаған ақшамды аламын Алла қаласа. Қызымда ол 30 жылға өмірін сақтандырды. Ол 63-ке келгенде алады. Немереме мен сақтандыру, ақша жинау аштым. Ай сайын салып тұрамын. Мен оған айттым, 18 жасыңда әжең жинап берген ақшаң сенің келешегіңе, оқуыңа, өміріңе қажет кезінде аласың да, әжеңді ойыңа түсіріп, рахметіңді айтып отырасың деп.
Дегенмен Сәуле Жәкіжанқызының болашақты ойлап алған сақтандыру полюсі аяқ асты болған келеңсіз жағдайда тығырықтан шығарған екен.
Сәуле Молдағұлова, Астана қаласының тұрғыны:
- Қызым мен менде Құдайға шүкір, ештеңе болған жоқ, бірақ ақшамыз жиналып жатыр. Ал немерем мектептен келе жатып аяғын қайырып алып, травма алып қалған сол кезде өмір сақтандыру компаниясы сол баланың емделуіне, сол баланың қажеттілігін қазір өтелуіне қомақты ақша төледі.
«Міне, сондықтан өмірді сақтандыру қызметі бұл әр кезеңде орын алуы мүмкін оқыс жағдайларды басқарудың қаржылық құралы», - дейді сала мамандары.
Нұрлыбек Толықбаев, Nomad Life басқарма төрағасының орынбасары:
- Жанұяда мысалы тек бір адам табыс табады. Әкесі жұмыс істейді. Бұл жанұяда мысалы ипотека болуы мүмкін. Егер әртүрлі жағдаймен өмірден ерте кетіп қалса, банкте қарызы бар. Қарызымен үй залогта, ертең банк үйді алып қояды. Өйткені ешкім оны төлей алмайды ғой. Сол кезде біз сақтандыру компаниясы жаңағы қарызын өтеп береміз. Үй әйелінде, балаларында қалады.
Қазір сақтандыру нарығында 24 компания бар, оның 9-ы осы өмірді сақтандырумен айналысады. Жыл басынан бері олардың активтері 2,6 трлн теңгеге жеткен. Ал компаниялардың жиған сыйақы мөлшері 669,4 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 36%-ке артық. Жыл басынан 10 млн 451 мың жеке және заңды тұлға сақтандыру шартын жасаған. Бұл көрсеткіш те былтырғымен салыстырғанда 36%-ке өскен. Негізгі өсімді жазатайым оқиғалардан сақтаныру мен өмірді сақтандыру шарттары құрап отыр.
Әрине, өмірді сақтандыру – бірінші қажеттілік емес. Адам алдымен тамақ, киім, баспана мәселесін шешіп алуға тырысады. Табыс деңгейің де орташадан жоғары болуы керек. Алайда қаржылық сауатымызды түзеп, мақсатты дұрыс қоя білсек, кез келген компания өзіңізге тиімді шарттарды ұсына алады.
Мейіржан Медеубаев, «Халық Life» АҚ басқарма төрайымының кеңесшісі:
- Белгілі бір шарт жасау үшін ең төменгі сақтандыру жарнасы бүгінгі таңда 10 мың теңге айына. Кейбір шарттарда әрине, сақтандыру мақсатына байланысты шарттар 5 мың теңгеден басталуы мүмкін. Әрине, бұл ең біріншіден, адамдардың өзіне қандай мақсат қойғаны жинақтаймын, болмаса, инвестициялық бағытта.
Дегенмен біздің азаматтар өмірін сақтандыруға мүлдем құлықсыз деуге болмас. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтар биыл өмірін сақтандыруға 200 млрд қаржы бөлген. Яғни елде өмірін сақтандыратын адамдар саны да, сақтандыру жарнасы өсіп келеді.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Жарқын Өрден