Қазақ тазысы әлемдегі 10 асылтұқымды иттің бірі атанды

Жұрт мойындаған төртаяқтылар Алматыда «Аврора кубогы» және «Көшпенділер даласы» атты көрмеге келген жұртқа көзайым болды, деп хабарлайды 24kz.

Елдің әр өңірінен жиналған ерекше иттерді халықаралық сарапшылар бағалады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- «Көшпенділер даласы» көрмесіне еліміздің әр өңірінен 30-дан аса тазы келді. Олар жынысына және жас айырмашылығана қарай үш топта сарапталды. Әділ қазылар иттерді дене тұрпатына, қимылына қарай бағалады. Елдос Майлыбавтың 6 айлық тазысы күшіктер категориясының үздігі атанды.

Елдос Майлыбаев, қала тұрғыны:

- Бұл тазыны көп күттік. Бауырым алып берді осы тазыны 2 айлық кезінде. Негізі тәжірибе бар бізде, тазыны қалай өсіру керек, қалай кальций беру керек, дисплазия, рахид бәрін кездестірдік көп жылдық тәжірибе бар. Содан кейін бұл тазымен өзім спортшы болғандықтан, жүгіріп тұрамын күнара.

Халықаралық көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден барлығы 300-ден астам ит қатысты. Елу түрлі тұқымының арасынан үздіктерді анықтау үшін Нидерланд, Словакия, Грекия және Қытайдан халықаралық сарапшы шақырылған. Халықаралық көрмеге келген жануарлар 10 асыл тұқым бойынша және аралас тұқымдар санатыдағылар да сараланады. Жеңімпаздарға медаль мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:

- Тазы бүгін екі көрмеге қатысады. Біріншісі монотұқымды арнайы тазыға арналған тұқымдық көрме. Содан шығып, олар халықаралық көрмеге қатысады. Сол халықаралық көрмеде тарихта бірінші рет оныншы тұқымдық топта өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, 3 қыркүйекте халықаралық Кинология федерациясы қазақ тазысын асылтұқымды ит ретінде ресми түрде танып, еліміз осы тұқымның иесі екенін мойындады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов