Маңғыстау облысында 12 туристік нысан салынады

Алдағы екі жылдың ішінде Маңғыстау облысында 12 туристік нысан салынады, деп хабарлайды 24kz.

Ең ауқымдысы Жаңаөзенге іргелес тұрған Кендірлі курорт аймағында жүзеге асады. Жоспар бойынша Каспий жағасында жылына 300 мың турист қабылдайтын жаңа қала бой көтереді. Өңір туризмін дамытуға бағытталған тың жобалардың арқасында 500-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ал межеге жоспарлы уақытта жете аламыз ба?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Кендірлі – Жаңаөзенге қарасты төртінші елді мекен. Қаладан 65 шақырым жерде тұр. Каспий жағалауында салынған курорттық нысанның бір ерекшелігі бұл жерде теңізге шомылу маусымы Ақтау қаласымен салыстырғанда біршама ұзақ. Мұнда келетін туристердің саны жылдан жылға көбеюіне орай Кендірлі ауылының бас жоспарына қала құрылысы енгізілді.

Мекен Үйсенов, Кендірлі ауылының әкімі:

- Бас жоспарда қазір инфра-инженерлік құрылымдарды жүргізуді бастап жатырмыз. Мемлекет басшысының қосымша тапсырмалары бар. Нақтырақ айтатын болсақ, сол Кендірлі туристік аймағын жеделдету үшін әрі қарай жандандыру және де аэропорт құрылысын салу сияқты үлкен жобаларымыз бар. Кендірлі туристік аймақта 300 мыңға дейін жылына туриспен қамтамасыз етуге және оған сервистік қызмет көрсетуге туристік бағытта құрылатын болады. Бұл Жаңаөзен қаласының негізгі жүктемесін азайту үшін жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл маусым айында өткен кеңесте Маңғыстауда туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді. Кендірлі демалыс орнына ерекше назар аударды. Соған сәйкес курортты аймақта қонақүйлер, аквапарк, демалыс-сауықтыру кешендері мен шипажайлар құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау күн тәртібіне қойылды. Тағы бір атап кетерлігі, Жаңаөзен мен оның іргесіндегі ауылдарды ауызсумен қамтитын тұщыту зауыты салынады. Жуырда Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы министрліктер мен аймақ әкімдігіне құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Халықаралық әуежай құрылысы Кендірлі курорт аймағын дамыту жоспарының маңызды бөлігі. Бұл, туристердің демалыс орнына тез жетуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы Маңғыстауда туризм саласының әлеуеті зор. Бұл бағытта биыл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп инвестиция құйылды.

Жыл басынан бері аймаққа 215 мың турист демалуға келген. Бұл өткен жылға қарағанда 9,5%-ке артық көрсеткіш. Салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Төрт ірі инвестжоба жүзеге асты. Тағы бір атап кетерлігі, ұзындығы 156 шақырымдық Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы жолына жуық арада орташа жөндеу жасалатын болды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев