1 қазан – Қарттар күні

Дүниеге келер бір рет Дария-кеуде, тау-мүсін,

Құрыштан құйған құдірет – Қарттарым, аман-саумысың?

Бүгін – ақын Сағи Жиенбаев тап басып айтқан әулие Қарттар күні.

Бұл дата 1990 жылы БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекіді. Халықаралық деңгейде аталып өтеді. Мейрамды тойлау мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аудару және қамқор болу.

Қазақ халқы: «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деп әспеттеген. «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар», – дейді. Көп жасаған қарияны ақылы теңіз-дарияға теңеген. Қазір елде ғасыр жасаған 423 жан бар. Ең көп жасаған кейуана Ұлытау облысында тұрады. Ақ жаулықты әже биыл 114 жасқа келді.  Ал ең көп қарты бар өңірлердің көшін Түркістан облысы бастайды. Онда ғасыр жасаған 64 тұрғын бар. Алматы қаласында да 100-ге жеткен 48 адам өмір сүріп жатыр. Үштікті Алматы облысы түйіндейді. Ондағы 38 тұрғын 100-ден асқан.