73 жастағы қария саусақтың ұшымен жаттығады

Жамбылдық Баймұқанбет Жұмаділов күніге 3 шақырымға тоқтаусыз жүгреді, деп хабарлайды 24KZ.

73 жастағы қария мұнымен тоқтап қалмайды. Саусақтың ұшымен жаттығу жасайды. Яғни, жерден 70 рет тартылады.

Баймұқанбет Жұмаділов Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылында тұрады. 70 жасында немересі әлеуметтік желіден түрлі жаттығу жасаған спортшыларды көрсеткен. «Бала көңілі үшін соны қайталадым», – дейді. Содан бері спортқа деген құлшынысы ашылған. Қазір кеудені жерден көтеру жаттығуын 70 рет жасаса, екі саусақпен 50-ге жеткізеді.

Баймұханбет Жұмаділов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Спорт деген жасқа байланысты емес екен. Кез келген уақытта бастап, кез келген уақытта спортпен айналысып, ары қарай түрлі нәрселер жасауға болады. Спорттың арқасында жақсымын, ауру дегенді, шаршағанды көп білмеймін. Жақсы, машина да айдай берем. Мына жағы Алматы, мына жағы Шымкентке бара берем.

Қария бас бармақпен де кеудені жерден көтере береді. Ең қызығы қарт пышақ қырына қолмен тұрып та, шеге үстінде де осы жаттығуды жасай алады. Ал пластик бөтелкемен жаттығу жасау күнделікті оңай шаруаға айналған. «Той-томалақтарда көптің алдында көрсетіңіз», – деп қолқа салатындар көп екен. «Сондықтан қызығушылығым одан ары артып, қиын жаттығуларды қолға алып жүрмін», – дейді Баймұқанбет Жұмаділов. 

Баймұханбет Жұмаділов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Пышаққа мен қазір сәл-сәл бастадым. Аяқпен басып тұру. Содан кейін жаңағы ішпен пышаққа жату. Қиын нәрселер енді. Соған өзімді дайындауды бастап жатырмын. Өзіме қызық.

Жетпіс үшінде желдей ұшып, күш-қуаты тасыған қария қазір бақша егіп, мал бордақылаумен айналысады. Жалпы Тараз қаласының өзінде 48 500 еңбек ардагері тұрады. Ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен солардың біразы спортты жанына серік етіп жүр.

Күләш Әдбікешова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің 100 шақты аталарымыз, апаларымыз, мына скандинавиялық таяқша дейді, таңертең саябақта өздері серуен құрады. Үнемі бізде биллиард үстелі тұр осы жерде. Мына жерде мүмкіндік жасалған. Далада күн жылыда шахмат, шашки қаланың түкпір-түкпірінен келіп ойнайды. Сосын белсенді өмір сүру орталығында да арнайы дайындап үйретіп отырған жаттықтрушылар бар.

Аймақта республика күніне орай 1 айға созылатын спартакиада өтпек. 8 спорт түрі қамтылған сайысқа 100-ден аса қария қатысады. Осылайша, спорты жанына серік еткен жамбылдық ақсақалдар көпке үлгі болып жүр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.