«Алтын жас» бағдарламасы: Алматыда 350-ден астам зейнеткер жұмыс тапты
Алматыда «Алтын жас» бағдарламасы бойынша 350-ден астам зейнеткер жұмысқа орналасты, деп хабарлайды 24KZ.
«Жобаның мақсаты – зейнет жасындағы азаматтардың белсенді өмірге араласуына мүмкіндік жасау әрі еңбекпен қамту», – дейді жауаптылар.
Жалпы бұл бағдарламаның ерекшелігі, жұмысшы жалақысының 50%-ін мемлекет субсидиялайды.
64 жастағы Күләш Еңсебаева 30 жылдан астам түрлі компанияларда есепші болып жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққанға дейін соңғы бірнеше жыл бойы ол мансап орталығында ассистент қызметін атқарған. «Алтын жас» бағдарламасына қатысуға өтініш білдіріп, аз уақыт үзілістен соң жұмыс орнына қайта оралды. «Зейнеткерлердің жұмысын жалғастыруы – қоғамға пайдалы болу әрі қосымша табыс табуға үлкен мүмкіндік», – дейді ол.
Күләш Еңсебаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Азаматтарды қабылдау орнында болғандықтан, маған осы бағдарламаға қатысқысы келетін зейнеткерлер көп келеді. Олардан: «Сіз компьютерді білесіз бе?», – деп сұраймын. «Жоқ, білмеймін», – дейді. Көптеген адамдар: «Неге жұмысқа алмайсыз?» – деп ренжіп жатады. Бұл – талап. Компьютермен жұмыс істеудің қарапайым қағидаларын білу маңызды.
«Алтын жас» бағдарламасының ерекшелігі, жұмысшының еңбекақысы субсидиялау арқылы төленеді. Яғни зейнеткерлерге төленетін төлемнің жартысы жұмыс берушінің өз есебінен төленсе, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінеді. «Осындай жеңілдік болғандықтан, жобаға қатысуға ниет білдірген ұйымдар мен компаниялар көбейіп келеді», – деп атап өтті Алматы мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев.
Әділет Жаңабаев, Мансап орталығының басшысы:
- Бағдарлама аясында жаңағы зейнеткерлік жасқа шыққан адамдар тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. 3 жылға келісімшартқа отырады да сол 3 жыл мерзімде жұмыс атқарады. 177 мекемені бағдарлама бойынша бос жұмыс орындарына енгіздік. Сол жерде 700-ге жуық бос жұмыс орындары құрылды. Соған қазір 160 адам жұмыс атқарып жатыр. Осы жылы 500 адамды жіберу деп жоспарлап отыр.
Егде жастағы алматылықтар арасында есепші, жүргізуші және балабақша тәрбиешісі мамандықтары сұранысқа ие. Бағдарлама 4 жыл бойы жүзеге асады. Биыл 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Алдағы жылдары 1,5 мыңға жуық зейнеткерді еңбекке тарту жоспарланған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.