Елордада 14 мыңнан астам қария ұзақ өмір сүру орталықтарына барады

Елордада 14 мыңнан астам қария қала әкімдігі жанынан құрылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына» барады, деп хабарлайды 24KZ.

Бірі денесін шынықтырып, йогамен айналысса, енді бірі вокал мен би курстарына жазылған.

Сәуле Рахметова өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнаған жан. Шет тілдері пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Байқоңыр ауданындағы бұл орталыққа 2 жыл бұрын келді. Емдік дене шынықтырудың ағзасына пайдасы зор екенін айтады. Сексеннің сеңгіріне шықса да, өзін сергек сезінеді.

Сәуле Рахметова, зейнеткер:

- Алдында айкүнеге барып жүрген едім. Ол да денсаулыққа жақсы. Белім мен аяғым ауыратын. Бірақ варикозым болған соң қоя тұрып, осы жерге келдім. Бұл кісі де жақсы істейді. 2 айға келді Гүлшат Төлебекқызы. Өзіңіз көріп тұрсыз, жаттығуды жақсы көрсетеді. Өзіміз риза болып кетеміз. 1 сағат ішінде терлеп-тепшіп, қуанып, денсаулығымызды кішкене жөндегендей боламыз. Келгің келіп тұрады. Жетісіне 3 рет боламын мен.

Орталық қабырғасында медицина қызметкерлері де жұмыс істейді. Олар егде тартқан адамдардың қан қысымын, жүрек қағысын және салмағын ұдайы тексеріп отырады.

Александр Катрук, Байқоңыр ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының кеңесші-маманы:

- Әр келушінің денсаулығына қарай үйірме таңдап береміз. Ең алдымен созылмалы ауруларының бар-жоғын анықтаймыз. Бойы мен салмағын және тыныс алу жүйесін тексереміз. Жиналған мәліметтерді ескеріп, сауықтыру гимнастикасы, йога, би, цигун, кунг-фу сияқты үйірмелерге жазамыз.

Бұл ғимараттан бөлек орналасқан спорт кешенінде тағы тұзды шахта мен бассейн бар. Ол жаққа да тегін жолдама беріледі. «Мұның бәрі Альцгеймер, Паркинсон және деменция сияқты дерттердің алдын алуға бағытталған», – дейді мамандар.

Ұлттық киім киген бұл ақжаулықты аналарымыз ұршық иіріп отса да, музыка өнерінен еш кенде емес. Орталық қабырғасында жүн түтіп, кілем тоқиды. Тақия, кимешек және шала туған сәбилерге арнап жылы киім-кешек тігеді.

Күләш Дәулетова, зейнеткер:

- 73 жастамын. Осы орталыққа келгелі денсаулығым түзелді. Осыған қатысқаныма ризамын. Өзімнің немерелерім бисер тоқиды. Ұршық иіруді үйреніп жүр. 9 жастағы қызым тоқыма тоқиды.

Орталыққа қазір 3 мыңнан астам зейнеткер келіп жүр. Оның 80%-і – әйелдер. Ерлер көбіне үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысады.

Камила Аман, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ақпараттық-танымдық бөлімінің маманы:

- Егде жастағы апа-әжелеріміз осы орталыққа келіп, жаңа орта табады, дос табады. Кейбір ата-әжелеріміз құдаларымен бірге келіп отырады. Күйеулерімен, жұбайларымен келеді. Жалғызбасты аталар мен апалар осы жақта отау құратындай жағдайлар да болып тұрады.

Роза Байсалбаева, Байқоңыр ауданы ұзақ өмір сүру орталығының басшысы:

- Үйде немере-шөбере бағып отырса да, өзіне кішкене уақытын бөліп, өзіне көзқарасы басқаша болады. Сол үшін осы орталықты ашқан әкімшілікке рақметімізді айтамыз.

Орталықтың ең үлкен қызмет алушысының жасы 90-да болса, ең кішісі 63-те. Үйірмелердің ішінде скандинавиялық жүріс, арт-терапия, қазақ тілі, ағылшын тілі және компьютерлік курстар да бар. Барлығы 20 клуб жұмыс істейді.

Гүлдана Шөменбаева, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы:

- Жалпы бізде зейнеткерлер осы орталыққа алғаш келген кезде ресепшнге жақындайды және үйірмелермен, клубтармен таныстырып шығамыз. Әңгіме-сұхбат құрамыз. Зейнеткерлерді тіркеу кезінде міндетті түрде зейнеткерлік куәлігін тексереміз. Сол арқылы орталыққа тіркеледі.

Айта кеткен жөн, бас шаһарда «Белсенді әрі ұзақ өмір сүрудің» 5 бірдей орталығы бар. Алдағы уақытта Сарайшық ауданында да ашылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы.