Алматылық ақсақал әлемнің 40 мемлекетін велосипедпен аралаған
«Адамның денсаулығы аяғына байланысты. Аяқ жүректі нығайтады. Мен соны ұқтым», – дейді 80 жастағы алматылық тұрғын Түгелбек Қасымов.
Ол велосипедпен әлемнің 40 елінде болып, 400 мың шақырым жол жүрген. Ең ұзақ велосаяхат жасағаны үшін Қазақстанның рекордтар кітабына да енген. Оған қоса кір тасын көтереді.
Түгелбек қария биыл 80-ге келді. Әлі тың. Қимыл-қозғалысы ширақ. Өзі: «Осының бәрі – спорттың арқасы», – дейді. Велосипедке 45 жасында отырған. Мамандығы – мұғалім. Зейнетке шыққанға дейін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай өңірінде мектепте математикадан сабақ берді. Бас кезінде балаларға үлгі болғысы келген. Кейіннен спортқа түбегейлі ден қойған.
Түгелбек Қасымов, ардагер веломарафоншы:
- Ең алғашқы 45 жаста Кабардин Балкар деген елде КСРО бойынша жарыс болады деп веломарафонға шақырды. Сол кезде ІІІ орын, қола медаль алдым. 60 шақырым қашықтықта. Соның өзі спорт шебері деген дәрежеге сай болған. Спорт шеберлерімен жарысқаннан кейін, ІІІ орын алғаннан кейін алдыңғы қатарға шығуым керек. Қазақстанның бірінші веломарафоншысы болуым керек деген мақсат қойдым.
Сол кезде ауылда отырып, қайда баратынын анықтап, картасын сызып алады. Алғашқы жарыстан жүлделі қайтқан соң демеушілер де табыла бастаған. Содан кейін 25 рет саяхатқа шыққан. Бір шыққанда бірнеше мемлекетті бір-ақ аралап қайтқан кездері болған.
Түгелбек Қасымов, ардагер веломарафоншы:
- 40 мемлекетте болдым. Еуропа, Азия дейді ғой. Одан кейін Моңғолия, Жапония, одан кейін Латын Америкасынан ары Кубаға дейін бардым. 2017 жылы Астанадан Мәскеуге дейін бардым. Ең ұзақ жол осы болды. Орал тауларынан өту керек. 4 мың шақырым арақашықтық. Күніне 200-235 шақырым алып отырдым.
Расында, велосипедпен жүрген соң қай жерге барса да саяхат оңайға түспеген. Тіпті бұзақылардың шабуылына тойтарыс берген кездері де болыпты. Оның әрбір сапарының тарихы бар.
Түгелбек Қасымов, ардагер веломарафоншы:
- 2004 жылы Үндістанға бардым. 2004-те Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі болатын. Сол кісі «сопровождать» еткізді. Өмірі ойламағам.
Түгелбек Қасымов велосипедтен бөлек, мойнымен гір тасын көтереді. Қазірдің өзінде 100-ге дейін жеткізеді. Оған қоса тізесін жерге тигізбей роликпен жаттығады. Жүгіретіні және бар. Талай марафонда топ жарды. Әлі күнге дейін спорт десе ішкен асын жерге қояды. «Қазіргі жастардың қозғалысы аз. Ол ауруға әкеледі», – деп кейіп отыр.
Түгелбек Қасымов, ардагер веломарафоншы:
- Жүгірудің орнына электромобильге түсіп алатын болды. Рақат, ешкімнің аяғы жүрмейді. Сонда адамға аяқ керек жоқ секілді ғой. Адамның денсаулығы адамның аяғына байланысты. Мен соны ұқтым. Аяқ жүректі күшейтеді. Өйткені сіз жүректі қолға алып күшейте алмайсыз.
Түгелбек қарт 15 жылдан бері Алматыда тұрып жатыр. Әзірге велосипедімен қоштасқысы жоқ. Қысы-жазы тебеді. Жүрген жерінде бейбітшілікті, спортты насихаттайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев.