Қарттар күніне бірреттік материалдық қолдау көрсетіледі

Мерекеге орай еліміздің бірқатар өңірде қарттарға бірреттік материалдық қолдау көрсетіледі.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 2 млрд 700 млн теңге қарастырылған. Осылайша, материалдық демеу 235 800 қарияның зейнетақысына қосылады. Атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында ең аз мөлшерде зейнетақы алатын, мүгедектігі бар және 75-тен асқан қариялардың есепшоттарына қосымша ақша түседі.

Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай әрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарияларға көрсетілер әлеуметтік қолдауға 12 млрд 400 млн теңге бөлінген. Әлеуметтік қолдаудың мөлшері мен қамтылған қария саны мына кестеде келтірілген. Оның ішінде қолдау қаржы азық-түлік себеті, дәрі-дәрмекке жеңілдіктер, тісті протездеуге, санаторлық курорттардағы емге, тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтуға, қоғамдық көліктегі жеңілдіктер мен өзге де көмек түрлеріне қарастырылды.