Атыраулық ақсақал жастар арасындағы ажырасудың алдын алып жүр
Атырауда Ақмырза Батырқайыровты білмейтіндер некен-саяқ.
Жасы 80-нен асса да ширақ қимылдайтын ақсақал облыстың қоғамдық жұмыстарынан да тыс қалған емес.
Ақмырза Батырқайыров Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 7 баладан тараған немере-жиендерінің сүйікті атасы қазір шөбере сүйіп отыр. 80 жастан асса да әлі тың. Ауласындағы бау-бақшасын күтіп-баптаумен де айналысады. Одан бөлек, жақында облыстық билер алқасының төрағасы болып сайланған Ақмырза ата қазір отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүр. Даулы мәселелердің шешімін табуға да жәрдемдесіп келеді.
Ақмырза Батырқайыров, Атырау қаласының тұрғыны:
- 40-тың үстінде би бар қалада. Күніне бесеу, алтаудан отырып, қызмет етіп жатырмыз. Ажырасу деген қазір өте қиын жағдай болып тұр. Бұл – мынау ғасырдың қасіреті. Жастар қазір қосылады, қазір айырылады. Баяғы біз сияқты қартайғанша бір кемпірдің аман-түгелін тілеп, «Кемпірім, жақсысың ба? Аман өріп жатсың ба?» – деп ептеп тұра алмай жатса, қолтығынан демеп жіберетін біз сияқты қарттардың заманына мыналар қалай жетеді, деп соны ойлаймын. Біздікі сол, ымыраға келтіру, татуластыру, біріктіру.
Ақмырза Батырқайыров облыстың қоғамдық өмірінен де тыс қалған емес. Өңірдегі «Елсана» руханият клубында жастармен кездесулер өткізіп, оларға ақыл-кеңесін береді. Аузы дуалы ақсақал – облыстық батагөйлер байқауының жеңімпазы.
Нұрберген Дәулетов, «Елсана» руханият клубының жетекшісі:
- Ақмырза ағамыздың «Елсанада» жүргеніне 12 жылдан асты. Бізге жол көрсетіп жүр. Ақмырза атамыз Атыраудағы билер алқасының төрағасы. Қазір өзінің абыздығымен, әділдігімен елдің қоғамдық жұмысын да атқарып жатыр. Елдегі жастарға тәрбие беріп жатыр. Орта буынға жол көрсетіп жүрген ақсақалымыз.
Ақмырза Батырқайыровтың өмір жолы ұрпаққа өнеге. Жастайынан спортқа қызыққан ол еркін және қазақша күрестен спорт шебері де атанған. Енді өзінен тараған ұрпақтың елдің қажетіне жарар азамат болуын тілейді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.