Алматыда ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» оқу-жаттығуы басталды

Алматы облысындағы «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгершілік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Әскери ынтымақтастық пен ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара бес күнге созылады. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан Республикасының ұлттық әскери контингенті қатысуда. Бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында тараптардың бітімгершілік операцияларын бірлесіп дайындау және өткізу мәселелері пысықталады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бітімгершілік күштерінің топтасуы әскери авиация мен автомобиль жолдары арқылы ұйымдастырылып жатыр.

Есжан Исабеков, ҚР Қарулы күштері десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының аға офицері:

- Ұжымдық бітімгершілік күштерінің бірлескен командалық оқу-жаттығуын қамтамасыз ету мақсатында 150-ден астам әскери қалашық және әскери техникалық паркі құрылды. Біз қазақстандық қана емес, оқу-жаттығуға қатысушы мемлекеттердің ұлттық контингенттерін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ете аламыз.