БҚО-дағы екі ауыл қариялары тегін медициналық тексерістен өтті
Қариялар күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысындағы екі ауылдың үлкендері тегін әрі жедел медициналық тексерістен өту мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды 24kz.
Инновациялық жедел диагностикалық жабдық көмегімен сынамалар санаулы минутта талданып, сырқаттарға жедел көмек көрсетілді.
Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл ауылында 900-дей тұрғын бар. Жергілікті халық ауырып-сырқай қалса, көрші Жаңаөмір ауылына немесе 80 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр. Ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт болғанымен мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті бүгін аға буын өкілдері ауылға келген инновациялық диагностикалық қондырғының мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға тырысты.
Клара Сәлімгереева, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:
- Екі рет операция жасалдым. Онкологияда бір рет, жаңа ауруханада грыжадан. Жеті жыл болды, шүкірмін. Бүгін қантқа қан тапсырайын деп келдім. Жақсы шүкір. Келіп тұрсын! Мен қуаныштымын жұрттың бәрін шақырып қарап жатқанына.
Бірегей мобильдік диагностикалық қондырғы арқылы зәр немесе қанға талдау жасап, арнайы планшет арқылы алыстағы дәрігерден кеңес алуға, ем тағайындауға болады. Электрокардиограмма қойып, жүрек-қан тамырларын да тексере алады. «Әсіресе, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына көмегі мол», - дейді мамандар.
Бексұлтан Әлиев, ауыл фельдшері:
- Ауылдық жер болғасын негізі керек. Үлкен кісілер бар. Үйден анализ алып, нәтижесін бірден қаралуға болады. Үлкен кісілер Жаңаөмір амбулаториясына бара алмайды, ал бұл аппарат пайдалы деуге болады. Гемоглобин, биохимия анализін алып бірнеше минуттың ішінде шығарып берді.
Данияр Закирьянов, жоба авторы:
- Ұзынкөл ауылын алсақ, кеше инфаркттан кейін тасымалдауға келмейтін әйел адамнан қан алып, зерттеу жүргіздік. 2 әйелден, 1 баладан анемияны анықтадық. 4 адамның қан қысымы жоғары болып шықты. 3 адамның электркардиограмма нәтижелері бұзылған. Енді бүгін де тексеріп анықтап жатырмыз.
Қариялар күні қарсаңында жедел медицниалық диагностикамен Ұзынкөлден басқа Сырым ауданы Тоғанас ауылының тұрғындары да қамтылмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов