71 жастағы зейнеткер йога жаттықтырушысы болып жұмыс істейді
Қарағандылық Хатима Тұрғұмбаеваның жасы 71 де болғанымен, әлі күнге йога жаттықтырушысы болып жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.
Зейнеткер өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға насихаттаумен келеді. Өзі спорттың арқасында ауру-сырқау дегенді ұмытқан. Қазір де жасына қарамастан күрделі гимнастикалық жаттығуларды жасай береді.
Жастардың көбі істей алмайтын күрделі гимнастикалық жаттығулар Хатима Тұрғұмбаева үшін түк емес. 9 жыл бұрын йогамен айналыса бастаған. Қазір қаладағы үлкен спорт кешендерінің бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын ұстанған ерекше жан бүгінде талайға үлгі болып жүр. Оның маңына жастар ғана емес, жасы келген әйелдер де топтасып, дене шынықтырумен шұғылданып жүр.
Хатима Тұрғұмбаева, йога жаттықтырушысы:
- Менің тобымда жаттығып жүргендердің ең үлкені 80 жаста. Ол кісі жақында қатарымызға қосылды. 71-ге келдім, енді осымен доғару керек шығар деген ойым бірден өзгерді. Өзіңнен үлкендердің үлгі етерлік ісін көрген соң тек қана алға ұмтылу қажеттігін сезінеді екенсің.
Хатима Тұрғұмбаева аптасына үш күн жұмыс істейді. Таңғы 7-ден кешкі 10-ға дейін бірнеше топты жаттықтырады. «Денені шынықтырудың арқасында бой мен ой сергек болады», - дейді осында келіп жүргеніне 1 жыл болған Светлана Ложкина. Ол жаттықтырушысынан көп нәрсе үйренгенін айтты.
Светлана Ложкина, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Хатима өте еңбекқор жан. Сырттай қарап дәл солай салауатты өмір салтын ұстанғың келеді. Көпшілік ол кісіні құрметтейді. Жаттығу сабақтарына қалмай келеміз. Әрқайсымызға жеке уақыт бөліп, нақты қажет кеңесін береді. Содан болар, жастарға да, үлкендерге де оның жұмыс істеу тәсілі ұнайды.
Осындай маңайына шуағын шашып жүрген жанның құрбылары да салауатты өмір салтын бек ұстанған жандар. Құрбысы 68 жастағы Мария Давыдованың да аэробикадан жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүргеніне 43 жыл. Осы күнге дейін қан қысымы, жүрек, өзге де аурулары мазаламапты. Қозғалыс – ұзақ өмір кепілі. Сол себепті Мария қолы бос кезде велосипед, ал қыста шаңғы тебеді.
Мария Давыдова, аэробика жаттықтырушысы:
- Дене шынықтырумен айналысу – менің сүйікті ісім. Жасымды ойлап қысылған емеспін. Керісінше, көптің ортасында жүріп жаттығудан ләззат аламын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Осында ойымыз, өмір сүру ұстанымымыз ұқсас жандарды кездестірдім.
Кез келген жаттығуды 40 жастан асқан соң әуесқой деңгейде меңгеруге болады. Сондықтан қыз-келіншектер, әйелдер ұялмай залға келіп дене шынықтырғаны абзал. Спорт – денсаулық кепілі. Жаттықтырушылар осылай деп кеңес берді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зулпыхар