Жұмысшы мамандықтары тапшылығын жою мақсатында жол картасы әзірленеді
Елде тракторшылар, сылақшы, дәнекерлеуші сынды тағы басқа жұмысшы қолдар жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы жылды Президент Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаннан кейін жауапты министрлік тапшылықты жою мақсатында арнайы жол картасын әзірлеуге кірісті. Осы ретте техникалық және кәсіптік орта білім саласында талай жылдан бері қордаланған мәселелерді Оқу-ағарту министрлігі қалай реттемек?
Айғаным Достанбай, тілші:
- Екінің бірі экономист, заңгер, инженер, қала берді қызмет көрсету саласына бет бұрып, қарапайым дәнекерлеуші, темірден түйін түйгендер, су, жылу қондырғыларын жөндеу сынды мамандықтардан қадір қашты. Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауының астарында сол еңбек адамдарына лайықты мәртебесін қайтару мәселесі тұр. Соның ішінде маңдай термен табыс тауып жүрген жұмысшы мамандарды қоғамда дәріптеу міндеті тұр.
Төлеу Балғабеков, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры:
- Өкінішке орай, біз енді жұмысшы мамандықтарды, әсіресе, техникалық саладағы мамандықтарды ұмытқандай болдық. Неге? Өйткені кәсіпорындардың көбісі сол 90 жылдардың аяғында тоқтады, жекешеленіп кетті, жойлып кетті. Әсіресе, осы техникалық салада. Жастар көрді, сол уақытты. Көз алдында кәсіпорындар жойылып жатқан соң қайда барады? Сол кезде қызмет көрсету саласы, экономика, заңгерлік, гуманитарлық салалар дами бастады.
Президент Жолдауынан кейін мәселе іле-шала Үкіметте қаралды. Бүгінгі таңда қазақстандық 772 колледжде 15 бағыт бойынша мамандар даярлануда. «Жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 70%-ке жетеді», - дейді Оқу-ағарту министрі. Бірақ бұл сандар нарықтың сұранысын қанағаттандырып отырғаны шамалы. Оны Үкімет басының өзі де айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі заманның сын-қатерлерін ескере отырып, білікті кадрлар даярлау, мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала бермек. Біздегі колледждердегі білім беру деңгей жұмыс берушілердің талаптарына, жастардың өз сұраныстарыа сай келе бермейді. Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс артатынын айтып, жыл сайынғы сауалнаманың қорытындысын жариялаған. Алдағы жылдары 130 мыңнан астам маман қажет болады екен. Оның жартысына жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар. Тізім басында білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы жұмысшыларға алдағы уақытта айтарлықтай сұраныс артады.
Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрілігі кәсіптік білім беру департаментінің директоры:
- Талапкерлердің таңдаған мамандықтар арасында ең көп кездесетіні, сұранысқа ие бағыттары бұл техникалық мамандықтар бойынша, машина жасау, IT, құрылыс, байланыс, энергетика, металлургия, және де геология сияқты мамандықтарды басым бөлігі таңдап отыр.
Бұл жыл жұмысшылардың еңбегін мойындап қана қоймай, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының рөлін қайта бағалауға мүмкіндік береді. Биыл 15 қарашаға дейін Үкімет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеуі керек. Бұл жоба 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылының бағытын айқындауы қажет.
Авторы: Айғаным Достанбай