Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу басталды

Бүгін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жөндеу басталды, деп хабарлайды 24kz.

Жұмыстар өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау заңнамасы мен Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сай жүзеге асады. Жоспарлы жөндеу жұмыстарына 2 мыңнан аса жұмысшы мен 70 арнайы техника жұмылдырылған.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жабдықтар мен құбырлардың жұмысын жақсартып, өндіріс тиімділігін арттыру үшін жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Іс-шаралар кезінде қоршаған ортаны қорғау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Зиянды заттардың ауаға таралмауы үшін технологиялық жабдықтарды тазарту процесі жабық жүйеде жүргізіледі. Жоспарланған жұмыстарды кедергісіз атқару үшін жабдықтар тексеріліп, қажетті материалдар жеткізілген.

Болатбек Есқалиев, «АМӨЗ» ЖШС бас механигінің міндетін атқарушы:

- Жоспарлы жұмыстар барысында каталитикалық крекинг қондырғысының клапаны ауыстырылады. ЭЛОУ АВТ-3 қондырғысының құбырын жөндеп, реакторлық жабдықтардағы катализаторларды да алмастырамыз. Сонымен қатар жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін тексеру секілді іс-шаралар кешені жоспарланған.

Зауытта профилактикалық іс-шара басталғанымен, тұтынушыларға өнімдерді жеткізу тоқтамайды. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлері Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жиналған қордан беріледі.

Роза Юнусова, «АМӨЗ» ЖШС Өндірістік бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Қазір зауыттың резервуар паркінде 30 мың тонна автобензин, 15 мың тонна дизель отыны, 6,5 тонна әуе отыны мен 500 тонна сұйытылған газ сақталған. Өнімдер кестеге сәйкес жөнелтіліп отырады.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталып, кәсіпорын тұрақты жұмысын жалғастырады деп жоспарланған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин