Күләш Айтжанова: Ел алғысына бөленудің, толайым табыстың кілті еңбекте

«Ел алғысына бөленудің, толайым табыстың кілті еңбекте», - дейді Еңбек ері Күләш Айтжанова. Биыл 85 жасқа толған батыр әже 13 жасынан бастап ауыр жұмысқа араласқан, деп хабарлайды 24kz.

Ерлермен иық тірестіре жүріп, озық нәтижеге көрсетіп, Жаркент өңірінің ауыл шаруашылығын көтеруге сүбелі үлес қосты. Өнегелі өмір сүріп, еңбек даңқын асырған кейуанамен арна тілшісі Шыңғыс Қалиден тілдесіп қайтты. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Күләш апаның балалық шағы Әбілхан Қастеев дүниеге келген Шежін ауылында өтті. Әйгілі қылқалам шеберімен көрші тұрғанын әжей мақтанышпен айтады.

Күләш Айтжанова, еңбек ері:

- Әбілхан әкем менің әкеммен жасты. 1904 жылғы еді. Қалипан деген шешесі бар еді. Сақыш деген әйелі бар еді. Әбілтай, Нұртай, Нұртас деген баласын жақсы білем. Қарапайым кісі болатын. Кімнің қазаны бұрын қайнады, соның үйінен тамақ ішетінбіз. Екі үй.

Үш жасында әкесі соғысқа аттанып, анасының тәрбиесінде болған Күләш апа бұғанасы бекімей-ақ ауыр жұмысқа араласқан. Жігіттердің өзі жүрексінетін қырықтықта күніне 80 қойға дейін қырқып, «Айтжанның қырықтықшы қызы» атанды. Кетпен ұстап, жүгері суару ісінде де қатарластарының алды болды. Нәзік жандылардың арасында алғашқылардың бірі болып тракторды тізгіндеді. Қай салада болмасын озат болған еңбекқор жан 32 жасында «Еңбек ері» атанды.  

Тоқтарбай Керімқұлов, Панфилов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бұл кісі атақ алайын деп жүгірген жоқ. Жаратушының еңбегіне берген сыйы ғой. Бейбіт өмірдің нағыз батыры болған кісі ғой. Батыр болу үшін соғысқа бару міндет емес екенін көрсеткен адам ғой. Бала кезімізде «болсаң Күләштай бол» деп айтып жататын. 

Еңбегі еленген Күләш Айтжанова өзінен бұрын үнемі өзгелердің жағдайын жасауға тырысты. Ауылдағы жетім-жесірлерге үй салғызып, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне ықпал етті.

Күләш Айтжанова, Еңбек ері:

- Жеті үй салып бердім. Содан кейін айттым, балабақша керек бізге. Бірінші балабақша салдырдым. Екінші мектеп салдырдым. Қазір ойлаймын, қандай күш мені соған итерген. Ауданға айтасың, аудан тіл алмаса, облысқа айтасың, сөйтіп жүріп, Үлкеншыған ауылының іргетасының бір бөлігін өзім қалап шықтым.

Күләш апаның еңбекпен өрілген өнегелі өмірі сынаққа толы. Жолдасы екеуіне нәресте сүю жазылмаса да, олар тағдыр салған қиындыққа мойыған жоқ. Екі қызды бауырына басып, ел қатарына қосып, үбірлі-шүбірлі болып отыр.

Күләш Айтжанова, Еңбек ері:

- Қуанышың мен қорқынышың егіз. Бірі алдында жүрсе, бірі артында жүреді. Кеңінен айтсам, айдың он бесі қараңғы, он бесі жарық. Жарықта жүрмін деп мастанбайық, қараңғыға түсіп кеттім деп өмірден күдер үзбейік. Алдымызда бір жарық бар. Сол жарықты ұмытпайық.

Күләш апа бала күнінде «Жігерлі қыз» атанса, орда бұзар жасында «Еңбек ері» атанды. Ал қартайған шағында ел анасына айналып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп отыр. Батыр әже әлі күнге дейін қоғамдық шараларға қатысып, өз өмірі арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов