Жаңаарқадағы «Бекім» тоғаны қайта жөнделеді
Сәкен ауылындағы «Бекім» тоғанын бұдан 9 жыл бұрын су жырып кеткен.
Бұл - Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты елді мекен. Содан бері ауыл тұрғындары аудандық әкімдікке біраз өтініш айтқанмен мәселе шешімін таппай келген еді. Өйткені Кеңес заманында салынған тоғанның құжаттарын түзеуде біраз қиындық туындаған. Енді құжаттары рәсімделіп, коммуналдық меншікке өтті. Көктемгі қар суымен толығатын тоған 40 жыл бұрын тұрғызылған. Бертінге дейін ауыл ел төрт түлігін осы жерден суғаратын. Тек 2015 жылы тасқын шайып, тоғандағы су балығымен қоса далаға ағып кеткен еді. Қазір тұрғындар малды үйдің іргесінен қазылған құдықтан суғарып отыр. Тоғаннан су тартылғалы жауын-шашын да азайып, шөптің шығымы да кеміп кеткен.
Қанат Қожықаев, Жаңаарқа ауданының әкімі:
- Ішінде қанша көлемде су болғанын ешкім айта алмайды. Кезінде есепке алынбаған. Кеңес дәуірінде кеңшарға ауылшаруашылық малына пайдалану үшін жасалған ғой. Қазір енді коммуналдық меншікке алдық. Ұлытау су қоймалары мекемесіне оның құжаттарын өткіздік. Алдағы уақытта «Бекім» тоғанын қалпына келтіретін боламыз.