Қызылжар өңірінде тасқын кезінде бүлінген бөгеттер қалпына келтіріледі

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезінде бұзылған бөгеттер қалпына келеді.

Демеушілердің көмегімен 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа Қызылжар ауданы мен Петропавлдағы бөгеттер нығайтылады.  

Бұл – Петропавлдағы Ойқала шағын ауданындағы бөгет. Құтқарушылар көктемде тасқын суды өткізіп жіберу үшін оны бірнеше жерден бұзуға мәжбүр болды. Енді топырақ үйіндісі қайта қалпына келтіріледі. 

Серік Ыбыраев, мердігер компания директорының орынбасары:

- Ущева дамбасының ұзындығы 1 км 334 метр. Бүгінде біз дамбаның ескі дамбаны кеңейтіп, 2-3 метр биіктікке көтереміз. Сонымен қатар дамбада төрт бұзылған жерлері бар. Солардың екеуі бүкіл жұмыстар бітірді. Енді 3 мен 4 бұзылған жерлерді дайындап тұрамыз.

Қазір бөгетті нығайтып, көтеру үшін күніне 80 жүк көлігі балшық әкеліп төгеді. Одан бөлек қала бойынша Былғары зауыт пен Заречный кенттеріндегі гидро-техникалық нысандар күшейтіледі.

Әсем Айтулова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- 116 мың тонна иннертті материал әкелу көзделген. Қазіргі таңда ол жерде жинақтағыш бар. Техника жұмыс істеп жатыр. Таңнан кешке дейін барлық жұмыстар жасалып жатыр. Содан кейін дамбаны екі метрге көтеру, күшейту көзделіп отыр. Жалпы дамба бойынша жұмыстардың барлығы осы қараша айының ортасына дейін жасалмақ.

Өңірде бұзылған бөгеттерді қалпына келтіру үшін жол картасы әзірленді. Ол бойынша қысқа дейін 28 шақырым топырақ үйіндісін жөндеу жоспарланып отыр.

 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков