Атырау өңірінде су жеткізетін 4 канал жөнделеді

Атырау облысында егін шаруашылығы мен мал отарларына су жеткізетін арналар жөнделе бастады.

Соның төртеуі Индер ауданында орналасқан. Былтыр екі канал тереңдетілсе, биыл тағы екі жоба қаржыландырылады. Жалпы аймақта Жайық өзені арқылы егістік пен шабындықтарды тіршілік нәрімен қамтитын 15 канал бар.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Индер ауданының ауыл шаруашылығын суландыратын осындай 4 канал бар. Оның біреуінің құрылысы былтыр басталса, биыл Бағырлай каналы қолға алынған болатын. Қазір каналды аршу жұмысы 70 пайызға аяқталды. Жалпы, құрылыс келесі жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.

Бағырлай каналы 4 ауылдық округке қарасты қыстақтар мен егіс алқаптарын суландырады. Көктемде мұнда тереңдету және тазалау жұмыстары басталған. Жоба бойынша канал қысы-жазы су ұстайтын бетон суаттармен жабдықталады және су сорғылары қойылады.

Арман Қайыржанов, мердігер мекеме өкілі:

- Оның бойында 8 көпір қарастырылған бұрынғыларын аламыз, сосын тұрбадан салынған көпірді бетоннан саламыз. Сосын 8 қазаншұңқырлар қарастырылған 200/60 метрлі және тереңдігі 3 метрлік. Келесі жылы бетон құю, көпір жасау сияқты жұмыстар атқарылады.

Бағырлай каналының құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінді.

Асхат Тілекқабылов, Есбол ауылдық округінің әкімі:

- Осы округтердің мыңдаған мал осы жерден су ішеді. Себебі құмдағы құдықтардың суы тартылып, ашып кетуіне байланысты осы жерге келеді. Одан басқа біздің округ бойынша 5 шаруа қожалығы 80 гектар жерге бау-бақша егіп жатыр.

Аймақта шабындықтар мен жайылымдарға су жеткізетін 15 канал бар. Биыл Индер, Махамбет аудандарында бұған дейін жөнделген каналдардың тағы 7-уі кезең-кезеңмен жаңартылады.

 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин