Биыл Таразда көпқабатты 53 үй жаңғыртудан өтеді

Таразда көпқабатты 53 үй қайта жаңғыртудан өтіп жатыр.

Олардың бәрі соңғы 40 жылда мүлдем жөндеу көрмеген. Шатырларынан су ағып, ауызсу мен кәріз жүйесінде жиі апат тіркелетін. Енді сол мәселелер шешімін таппақ.

Жалпы 2011 жылдан бері қалада «Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы» бойынша 489 үй жөндеуден өтті.

Аса шағынауданындағы 180 пәтерлі мына үй 35 жыл бұрын салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Инженерлік желілері тозып, шатыры әр жерінен тесілген. Тұрғындар жыл сайын ақша жинап, төбесіне қара қағаз төсеткенімен мәселе шешілмеді. Дегенмен көптің тілегі биыл орындалмақ. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделіп жатыр.

Сейсенкүл Жүсіпова, қала тұрғыны:

- Жертөленің іші шіріп, өзіміз қойған заттарымыз жоқ. Біреу алып кетеді. Жертөледен су ағып жататын. Құбырлардың бәрі шіріп кеткен. Енді қазір жөндеу жұмыстарын жүргізгенге қуанып отырмыз.

Қаржы республикалық бюджеттен өсімсіз кредит ретінде бөлінеді. Оны тұрғындар 15 жылдың ішінде қайтарады. Қазір 53 үйдегі жөндеу жұмыстарымен 23 құрылыс компаниясы айналысып жатыр. Бұған бюджеттен 5 млрд-тан астам теңге бөлінді.

Мерей Бает, тілші:

- Құрылыс алаңында қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Себебі қарлы жауынды маусымға қалып кетпеуі тиіс. Қазір мердігер компания ең алдымен тұрғын үйдің төбесін жабуға кіріскен.

Ескі үйдің жертөлесі мен ондағы ауызсу, кәріз құбырлары толық ауысады. Кіреберістері жөнделіп, сыртқы келбеті қалыпқа келтіріледі.

Алмат Радикұлы, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесінің директоры:

- Бұл жұмыстарды біз қыркүйек айынан бастадық. Себебі қаражат бізге тамыз айының соңында келіп түсті. Жылыту маусымына дейін жертөлесіндегі инженерлік инфрақұрылымды толық ауыстырып бітеміз деген жоспарымыз бар. Шатырды жабу жұмыстарын осы айдың ортасынан 20-на қарай толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Егер жаңбыр жауып, пәтерге су кіретін болса мердігер шығынды өз мойнына алмақ. Жалпы Таразда 1400-ден аса көппәтерлі үй бар. Қазір олардың 500-ден астамы күрделі жөндеуді қажет етеді.

 

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байдәлді