Елімізде балалардың өз-өзіне қол жұмсауы азаймай тұр
Елімізде балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі көбеймесе азаймай тұр.
Былтыр елімізде 150-ге жуық жағдай тіркелген. Өкінішке қарай бұл көрсеткіш биыл да қайталанып қалуы мүмкін. Өйткені жыл басынан бері 130-дан астам бала суицидке барған.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қауіпті контентті бұғаттау жұмыстарымен айналысып жатыр. Бас Прокуратура ұсынған дерекке сәйкес, 15 мың сайт пен интернет-сілтемелер бұғатталған.
Бірақ мәселе мұнымен бітер емес. Өйткені түйткіл түйіні тереңде жатыр, дейді психологтар.
Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдер арасында суицидті насихаттаған 45-ке жуық интернет-ресурсты анықтаған. Қауіпті контентті бұғаттау үшін тиісті ақпарат уәкілетті органға жіберілді. Тағы, мамандар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күдік тудырар ойындарды да тексереді. Онда балалардың психикасына теріс әсер ететін белгілер болуы мүмкін.
Евгений Питолин, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы:
- Балаға қауіпті саналатын контенттің түрі көп. Сондықтан сайттар мен ойындарға тыйым салып қана қоймай, балаларға сыни ойлауды да үйрету керек. Әлбетте бұл міндет бірінші кезекте ата-анаға жүктелген. Әр ата-ана баласына сенімді кеңесші бола білуі қажет. Қандай сайттарға кіріп, қандай бейнеойын ойнап жүргенін сырттай бақылап, ақ пен қараны ажыратуды үйретуі керек.
Баланы бетінен қақпай да, бетімен жібермей де өсіру қиын. Сондықтан жастайынан оның әдеттері мен қылықтарына уақтылы назар бөлініп, мән берілмесе жағдай күрделене түседі. Көбіне күйзелісте жүрген балалар интернет-қылмыскерлердің құрбанына айналады, дейді психологтар.
Әсел Пірімбек, психолог:
- Егер әке-шешесі немесе басқа туысқандары балаға оның керек екенін, тұлға екенін сендіре алмаса, сол кезде бала суицидке баруы мүмкін. Өйткені суицидтің аяқталғанын қарасақ, оның алдында 10 шақты рет парасуицид жасайды. Бала өлгісі келмейді, біреу мені көрсінші, біреу мені құтқарсыншы деген ниетпен жасалатын нәрсе.
Бүгінде балалар құқығын қорғауға бағытталған мәселелер бойынша 111 байланыс орталығы жұмыс істейді. Биыл оған психоэмоционалды жағдай бойынша 1200-ден астам өтініш пен 75 мыңға жуық қоңырау түскен. Интернет-қылмыстардың ішінде тыйылмай тұрғаны әлбетте алаяқтық. Мұның салдары да жастарды өз-өзіне қол салуға итермелейтіні көпке аян. Осыған байланысты Алматы облысында киберполицейлер 170-тен астам интернет-сайтты бұғаттады.
Нұржан Кеңесханұлы, облыстық полиция департаменті КПБ бастығының орынбасары:
- Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмыспен, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасын іске асыру мақсатында биыл жыл басынан Алматы облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 74 күдікті құрықталып, олардың 46 түрлі қылмыстық істерге қатысы бар екені анықталды.
Нәтижесінде 117 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Жалпы жыл басынан бері тәртіп сақшылары интернеттегі қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында 68 мыңнан астам дәрістер мен кездесулер өткізген.
Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Бағдат Қайыркен