Мемқызметшілердің кейбір категориясына бизнеспен айналысуға рұқсат берілуі мүмкін

Мектеп директорлары мен аурухана басшыларына кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілуі мүмкін.

Бүгін Мәжілісте осыған сәйкес заң жобасы қаралды. Яғни мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген азаматтардың бір тобына кәсіпкерлікпен айналысуға салынған тыйым алынып тасталмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңнаманы конституцияға сәйкестендіру үшін осындай түзету ұсынып отыр. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жаңа норма мемлекеттік қызметшіге теңестірілгендердің бәріне бірдей қолданылмайтынын айтты. Яғни мұндай тыйым Сайлау туралы конституциялық заңда бекітілгендіктен, өкілеттігін тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне қатысты сақталады. Сонымен қатар бақылау, қадағалау қызметін іске асыратындықтан уәкілетті ұйымның қызметшілеріне, қызметінің бағытына байланысты ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы басқарушыларға тыйым сақталады.