Жаңаарқада теміржол өткелінің құрылысы тоқтап тұр
Жаңаарқа кентінде жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі жоқ.
Шойын жолдың арғы бетінде тұратындар күн сайын пойыздың астынан өтуге мәжбүр. Талай адам мертігіп, бірнеше тұрғын ажал құшты. Көпшіліктің сұрауы бойынша былтыр өткелдің құрылысы басталған. Дегенмен, аяқсыз қалды.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Шойын жолдың арғы бетінде 2,5 мың адам тұрады. Онда не аурухана, не мектеп жоқ. Қажеттілік үшін аудан орталығына қатынайтын тұрғындар осы өткелмен жүреді. Ал, пойыз тоқтап тұрған кезде амалсыз вагонның астымен өтуге мәжбүр.
Осыған дейін бірнеше адам пойыз астымен өтем деп ажал құшқан. Мүгедек болып қалғаны қаншама. Соның бірі Әбілқайыр Демесінов. Қос аяғынан айырылған соқталдай жігіт қазір арбаға таңылған.
Әбілқайыр Демесінов, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
- Астынан өтпеске амал жоқ. Соған уже үйреніп қалған. 23-жылдың декабрь айында болды. қайтып келе жатқанда пойыз тұрған бетте тез өтіп кетем деп ойладым. Сол моментте пойыз жүріп кетті. Бұндай проишествие жылда боп тұрады.
Теміржолдың арғы бетіне қоғамдық көлік қатынамайды. Тек оқушыларды таситын бір ғана автобус жүреді. Жұмысқа асыққан тұрғындар сегіз қатар шойын жолды кесіп өтеді. Бала-шағада 100 метр жердегі мектепке осы жол арқылы барады.
Қалиман Оралбаева, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
- Бала кезімізден осы жол бойының ар жағында тұрамыз. Осы пойыздың астынан өтіп келе жатырмыз әлі. 4 немерем бар. Келінім өзі жұмыс істемейді, сол 4 баланы тасиды. Таңертең біреуін апарады, түстен кейін біреуін апарады. Биылдың өзінде 2 адамның аяғын басты.
Тұрғындардың сұрауы бойынша аудан әкімдігі былтыр теміржол өткелін салуға 224 млн теңге қаржы бөлген. Дегенмен, жеңімпаз компания жұмысты бастамай жатып тоқтатқан. Құрылыс материалының қымбаттап кеткенін алға тартқан мердігер қосымша ақша сұрап әкімдікті сотқа берген.
Қанат Қожықаев, Жаңаарқа ауданының әкімі:
- Экономикалық сот сол кісілердің пайдасына шешіп берді. Бізге мәжүрлі корректировка жасауды жүктеді. Соның салдарынан қазіргі жұмыстардың бәрі тоқтап тұр. себебі корректировка жасалатын болады. қосымша қаржы қажет етеді. Корректировкадан кейін қаржы бөлінетін болса бұл көпір өтпелі келесі жылы аяқтаймыз деген жоспарымыз бар.
Көпір құрылысына қосымша қанша қаржы қажеттігі әлі белгісіз. Оны мердігердің ұсынысы бойынша арнайы аудит анықтайды. Ал аудан әкімдігі жобаға тезірек түзету енгізілсе құрылыстың мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстаймыз дейді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев