Алматыда ТЖ кезіндегі инклюзивті стратегия талқыланды
Енді мүгедектігі бар жандармен жұмыс істейтін мамандар міндетті түрде азаматтық қорғаныс курсынан өтеді.
Яғни медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері 3 жыл сайын білімін жетілдіріп отырады. Олар құтқарушылардың арнайы дәрістерін тыңдайды. Осы екі тарап Алматыда төтенше жағдайлардағы инклюзивті стратегияларды талдау нәтижелерімен бөлісті. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар әлі де аздық етеді. Осыған байланысты сарапшылар мемлекеттік органдарға өз ұсынысын берді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдардың деректер базасы жасалуы қажет. Табиғи апат кезінде қорғанатын арнайы орындар болуы тиіс. Қазір Алматыда осындай осал топтағы 53 мың адам бар. Мүгедектер қоғамы инклюзивтік стратегия төтенше жағдай кезінде халықтың әлжуаз тобының қауіпсіздігі мен құқығын қорғайды,-деп үміттенеді.
Сандуғаш Баймұхамбетова, қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкері:
- Егер азаматтың көзі нашар көрсе оған шрифт Брайль қолдана отырып біз өзіміз шығарған жарнаманы қолдана отырып, сабақ жүргіземіз одан басқа құлақтары нашар еститін коляскада отыратын қызметкерлерге, азаматтарға өздеріне арнайы методиканы ойлап шығарған және жіберген методика арқылы жұмыс істейміз.
Меруерт Құлахметова, "Кедергісіз kz" мүгедектігі бар тұлғалардың қоғамы" ҚБ төрайымы:
- Биыл қысқы кезеңде де, наурыз айында болған жер сілкінісі кезінде де арба қолданушылары үйлерінен шыға алмай көп қабатты үйлерде қалып қалғандығын білдік. Жедел сатымен шыға алмай, лифтімен түсе алмай қалды. Бұл тұлғалардың ерекше осал екенін байқадық. Соған байланысты бірнеше ведомство жұмыс жасап соны ескеретіндей жағдайларды заңнамаға енгіземіз.