Қарағандылықтар көмірін қамдап алды

Қазір өңір бойынша 43 мың тонна көмір қоры бар.

Оның тең жарымы облыс орталығында. Қазір көмір сататын 55 орын жұмыс істеп тұр. Орташа баға 19 мың теңге. Бұл жылдағыдан сәл қымбаттау. «Бағаның өсуі тасымалдау шығынының көбейгеніне байланысты», ­- дейді өндіріс басқармасының өкілі Ақдидар Рымбек.

Ақдидар Рымбек, Өндіріс және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

-Халық белсенді түрде көмір сатып алып жатыр. Сауда штаттық режимде жүруде. Бағаға келсек, орташа баға 19 мың теңге. Ең үлкен баға Ақтоғай ауданында, ол 26 мың теңге. Оған тасымалдау құнының қымбаттығы себеп.

Бұл – Шұбаркөл көмірінің қоймасы. Күн сайын мұнда 24 вагон көмір жеткізіледі. Осы жерден тәулігіне 50 жүк көлігі халыққа жөнелтіледі. Биылғы баға тоннасына 14 750 теңгеден.Қойма басшысы Никита Аносовтың айтуынша, биыл отын қоры жылдағыдан мол.

Никита Аносов, көмір қоймасының басшысы:

-Тұрғындар қысқа ерте қамданса кезек болмайды. Теміржол тасымалы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Көмір қоры жеткілікті. Күн сайын соңғы келушіге дейін жұмыс істейміз.

Ал бұл шахтада жентектелген ең бағалы көмір өндіріледі. Тоннасы 24 мың теңге тұрады. Өткен жылға қарағанда 2 мың теңгеге қымбат.

Андрей Белов, компания директоры:

Бұл бұрын қараусыз қалған өндіріс орны болғандықтан мұндағы көмірге салық салынбайтын еді. Ал биылдан пайдалы қазба ретінде салық төлейтін болдық. Қомақты қаржы. Сол себепті көмірді қымбаттатуға тура келді.

Қазір Қарағанды облысы бойынша 740 тонна көмір жөнелтілген. Бұл өңірге қажетті отынның 65%-ті.

 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Акамбаев, Зарина Зұлпыхар