Елордалық ұстаз 1700 оқушының атын жатқа біледі
Бұл – Нұртас Құрманғалиұлы, №104 орта мектептің директоры.
Кәдуілгі басшылардан ерекшелігі барлық білім алушының аты-жөнін жатқа біледі. Таңмен таласып, мектеп алдында оқушыларды өзі қарсы алады. Ол аз десеңіз, қым-қуырт қызметтен қолы қалт етсе, балалармен бірге асық атып, үстел теннисін ойнайды.
Нұртас Жағабаев, Астана қалалық №104 орта мектептің директоры:
- Мысалы, Шалва Амонашвили, біз жеке оқушының аттарын жаттап алсақ, екінші күні олармен жеке кездесіп, сөйлесіп көңіл бөліп отырмыз. Кез келген оқушыны қарсы алған кезде оның атын айтып, қарсы алып жатсақ, нұр үстіне нұр. Бала өзіне деген көңілдің бөлінгенін, мектепте мейіріммен қарсы алып отырғанын, іздеп отырғанын, өзінің ортаға қажет екенін сезінеді. Әр бала – әрбір үйдің еркесі. Ол еркенің атын айтып, көңіл бөліп қарсы алу оның сабаққа деген, мектепке деген ынтасы мен қызығушылығын арттырады.
Мектеп қабырғасын мейіріммен қалаған ұжымның өзге де мүшелері оқушылардың аты-жөнін жатқа айтуға тырысады. Себебі қазіргінің балалары көптің ішінде қалғысы келмейді. Жеке-жеке көңіл бөліп, ойындағысын сұрағанды тәуір көреді.
Аяжан Урис, Астана қалалық №104 орта мектептің мұғалімі:
- Біз оқушылармен жеке-жеке танысамыз. Оқушының жеке деректерін қараймыз, әлеуметтік жағдайын қараймыз. Сол секілді сабақ басталмас бұрын оқушының көңіл күйін сұраймыз. Әр оқушымен жеке жеке жұмыс жасауға әрқашанда тырысамыз. Оқушылар әртүрлі. Біреуі тұйық болса, біреуі ашық. Ашық оқушылар өздеріне көңіл аудартқанды, көңіл бөлгенді жақсы көретін болса, кейбір оқушылар тұйық болып келеді.
Сабақтан тыс уақыттарда да оқушылар назардан тысқары қалмайды. Қызықты қоңырау, сергіту сәттері ұйымдастырылады. Бұл кезде де директор білім алушылардың арасынан табылады.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев