Президент: АЭС салу – заман талабы

Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба әрі заман талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық дербестігін нығайтуға арналған бастамаға тоқталды, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекет басшысы: «АЭС экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді» деді. Оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көретінін жеткізді. Ол АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өтті.

«Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады.