Тоқаев: Адал еңбегімен тұрмысын жақсартқысы келетіндерге әрқашан қолдау бар

Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді.

Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы да сондықтан. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы артып, кәсіби біліктілік орнығады. Ал мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым.