Елімізде биологиялық материал алмасу заңмен реттелетін болды

Еліміз бұдан былай жануарлардың қауіпті ауруларының таралуын көрші елдермен бірлесіп алдын алатын болады, деп хабарлайды 24kz.

Тиісті келісімді бүгін сенаторлар мақұлдады. Құжат белгісіз инфекциялардың өршуіне жол бермеуді көздейді. Сонымен қатар микроорганизмдердің ұлттық коллекциялары толықтырылады. Яғни зерттеушілер жаңа штамдармен жұмыс істеуге бейімделеді. Осылайша, отандық мамандар оларды арнайы зерделеп, зерттеулер жүргізеді. Бұл, ел көлемінде жұқпалы аурулардың зертханалық нәтижелерін айтарлықтай жақсартпақ. Ал келісімі бар мемлекеттер биоматериалмен алмасып қана қоймай, өздерінің ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен бөлісе алады.

Айта кетерлігі, биоматериал коммерциялық мақсатта пайдаланылмайды. Сондай-ақ материалды іріктеу, буып-түйіп жөнелту Дүниежүзілік жануарлар саулығын корғау ұйымының ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Келісім жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, тараптардың аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралары қарастырылған. Мақұлданған заң келісімге қатысушы елдер арасында ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз.