Президент: Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары

Әкім лауазымына шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтар келгені дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға жан-жақты қолдау көрсету керегін айтып, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн екенін айтты. 

Президенттің айтуынша, әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болып, сындарлы пікір алмаса білуі қажет. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұрады. Мемлекет басшысы әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру екеніне тоқталды.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет.