Президент: Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыру керек

Мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару керек.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде айтты. Президент: «жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескеріліп, Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жерлігікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет. Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс.