Мемлекет басшысы: Балаларды гаджеттердің құрсауында қалдыруға болмайды

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Форумда Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың халін де сөз етті, деп хабарлайды 24kz.

Оның айтуынша, қазір балалар цифрлық дүниелерге тәуелді болып, виртуалды әлемге шектен тыс құмартып отыр. Бұл нағыз дертке айналды. Ал көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры – ата-аналардың бала тәрбесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды.

Бұл тұста Президент: «Ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алу қажет», - деді. Ол өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ол жуырдағы Дүниежүзілік Олимпиададағы отандық шахматшы қыздардың жеңісін айтып, талантты оқушыларды қолдау қажеттігін және ұстаздарын ынталандыру керектігін айтты.