Үлкен ауылының тұрғындары жаңа әлеуметтік нысандар салғызуды сұрап отыр
Үлкен ауылының тұрғындары Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдерінен ауылға жаңа әлеуметтік нысандар салғызуды сұрап отыр, деп хабарлайды 24kz.
Өйткені Балқаш көлінің жағасында орналасқан шалғай елді мекендегі мемлекеттік мекемелер пәтер жалдауға мәжбүр. Кеңсе ретінде пайдалану үшін көпқабатты тұрғын үйлерден басқа ыңғайлы ғимарат жоқ. Көбі тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде жекеменшікке өтіп кеткен.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Үлкен ауылы 1997 жылға дейін Күрті ауданының құрамында болды. Күрті тарап, Іле ауданына қосылған соң, бұл ауыл Жамбыл ауданынна өтті. Сол уақытта 7 мыңға жуық тұрғыны болса, бүгінде халық саны 4 есеге дейін кеміді. Ауыл азаматтары екі қолға бір күрек таппай, бала-шағасын асырау үшін қалаға ағылғандықтан, қараусыз қалған ауылдан күй кете бастады. Ғимараттар қирап, аман қалғаны жекеменшікке өтіп кетті.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Үлкен ауылдық әкімдігінің жеке ғимараты жоқ. Әкімдік қызметкерлері мен учаскелік инспектор, міне, мынау менің артымдағы 9 қабатты үйдің бірінші қабатындағы 4 бөлмелі пәтерде отыр. Ауылдық дәрігерлік амбулатория да осындай пәтерде орналасқан.
Қуықтай бөлмеде қысылып-қымтырылып отырған дәрігерлік амбулатория мен әкімдік қана емес. Пошта мен жергілікті полиция қызметі де осындай күйді бастан кешіруде. Үлкен дәрігерлік амбулаториясы 1600 тұрғынға қызмет көрсетеді. Көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқандықтан, егде жастағы адамдар үшін өте қолайсыз. Кейде ауыр науқастарды Қарағанды облысына апаруға тура келеді.
Қайрат Тұяқбай, Үлкен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:
- Қатты науқас болса, Ұзынағаштан жедел жәрдем шақырамыз. Өзіміздің санитарлық машина бар. Сыну болса жақын ауылда Приозерск деген қалашық бар Қарағанды облысының, 130 шақырым, сол жаққа апарамыз. Аудан орталығы Ұзынағаштан науқастарға жедел жәрдем шақырған кезде 4-5 сағатта келеді. Амбулатория қажет қой, жұмыс істегенге қолайлы болады. Егер ол салынатын болса, ішінде құрал-жабдықтары, бәрі болады ол жерде.
Кенжемұрат Қасенов, Үлкен ауылдық округінің әкімі:
- Амбулатория құрылысына республикалық бюджеттен ақша бөлініп басталайын деп жатыр. Бүгін келіп, қазықтарын қағып 2-3 күн болды, жерлерін белгілеп, сөйтіп, дайындалып жатыр. Амбулатория екінші қабатта болғаннан кейін үлкен кісілер бар, зейнеткерлер бар, олардың көтеріліп түсуі, әрине, қиындық келтіреді. Әкімшілікке адамдар келгенде көпқабатты үй емес, отдельно акимат болуы керек деп ойлаймын.
Бүкіл ауылдағы заман талабына сай ғимараттың бірі – Үлкен орта мектебі. 1987 жылы пайдалануға берілген бұл нысан 2016 жылы күрделі жөндеуден өтті. Типтік үлгідегі мектеп 1176 оқушыға арналған.
Әлия Үкібаева, Үлкен орта мектебінің директоры:
- Жалпы қазіргі таңда біздің мектепте 272 оқушы білім алады. Оның ішінде сонымен қатар мектептің жанында жаңағы шағын орталығымыз бар «Айгөлек» деген. Ол жерде 50 бала қамтылған шағын орталыққа. Қазіргі таңда мектепте жаңа оқу жылы басында 46 мұғалім жұмыс істейді. Жалпы қызметкерлер саны бізде – 81.
Михаил Скрипов, Үлкен ауылының тұрғыны:
- Үлкенде бұрын екі балабақша болды. Біреуінің жағдайы өте жақсы. Оны қайтадан жұмыс істетуге болады. Ал тағы бір балабақшаны бұзып, жаңадан салуға тура келеді. Кезінде бәрі жекеменшікке өтіп кетті. Қожайындары кейін ол ғимараттарды осы жаққа келген мердігер компаниялардың жұмысшыларына жалға беріп жүрді.
Үлкенде үш балық зауыты бар. Бірақ олардың қожайындары журналистерден ат-тонын ала қашады. Балығы тайдай тулаған Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан, ауыл азаматтары негізінен балықшылықты кәсіп етеді. «Алматы – Қарағанды – Астана» тас жолының бойында балық сатумен айналысатындар да аз емес.
Сәрсен Дүйсебаев, Шығанақ ауылының тұрғыны:
- Халықтың жағдайы орташа. Балқаш көлінің жағасында тұрғаннан кейін осындай кәсіппен айналысып жүрмін. Айналысқаныма 5-6 жыл болды. Адамдар алады балықты. Бәрі бала-шағаның қамы ғой ол. Балықты біз сатып аламыз, өзіміз дайындаймыз, кептіреміз етеміз. Балықтың жұмысы, еңбегі көп енді.
Тұрғындар ел Үкіметі мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінен Үлкен ауылында қалыптасқан жағдайды ескеріп, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын қолға алуды сұрап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов