Сенатор: TikTok-тағы теріс сипаттағы контент адам өміріне қауіпті
TikTok-тағы теріс сипаттағы контент адам өміріне қауіпті. Сенатор Геннадий Шиповских осылай деп дабыл қағып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 24kz.
Сенаторлар TikTok-тан неге сескеніп отыр? Олардың қандай ұсынысы бар?
Сенат депутаты Геннадий Шиповских депутаттық сауалында TikTok платформасында теріс сипаттағы контенттің көп таралатынын айтты. Ондағы олқылықтарды тез арада реттемесе, оны Қазақстанда бұғаттау қажет деп отыр. Мұндай мазмұндағы өнімдер балаларға психикалық және физикалық тұрғыда кері әсер беретінін жеткізді.
Осы тұста айта кететіні, ғаламтор пайдаланушылар саны әлем бойынша 5 млдр-қа жуықтайды. Соның 20%-і TikTok қосымшасын жүктеген. Ал, қосымшаны ай сайын 1 млрд-тан аса адам қолданады. Оның 9 миллионы қазақстандықтар.
Сондай-ақ сенаторлар аталған желі азаматтардың жеке деректерінің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығына қауіп төндіреді деп алаңдап отыр. Себебі, TikTok әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Ал, Киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің біріне айналғаны белгілі. АҚШ, Франция, Канада сияқты алпауыт елдер TikTok-тың қолданушылар деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізген. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды. Өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Биылғы сәуірде ғана Еурокомиссияның өзі TikTok қосымшасының қауіп-қатерді бағалауына күмән келтірген болатын. Осы тұста сәл кідіріп, депутат Геннадий Шиповскихтің ұсынысына құлақ түрейік.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдік құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек.
Ал, қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіде отырады ғой. Сенаторлар неге дәл осы TikTok-қа шүйлігіп отыр?
Алайда, TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалғандыққа жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін деген қауіп бар екен. Яғни, бұл қосымша өзінің жариялайтын контентіне нақты зерттеу жасап, сараламайды. Өзге әлеуметтік желілердегідей арнайы алгоритм жоқ. Депутаттар осы мәселені айтып, бірқатар елді мысалға алды. Мәселен, Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасаған. Осы мәселені зерттеу барысында мен психолог мамандармен де тілдесіп көрдік. Олар TikTok-ты біржақты қарастыруға болмайтынын айтады. Пайдасымен қатар біршама зияны да бар. Сондықтан әрбір ата-ана әрдайым баласын қадағалап, онымен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Осылайша, баласының қандай контентті қарайтынын немесе қандай видеолар түсіретінін бақылай алады дейді.
Біздің елде ғана емес, әлем елдері арасында осы қосымшаға күмәнмен қарап отырғандар бар. Биыл наурызда ғана Италия билігі TikTok-қа 10 миллион еуро айыппұл салды. Онда да «бұл платформада тиісті мазмұнды тексеру жүргізілмейді» деген айып тағылған. Бұған дейін Нидерланды мен Ұлыбритания билігі осы қосымшаға қатысты сот ісін қозғаған.
Ал, біздің елде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы саналады. Бүгін өткен форумда Мемлекет басшысы да осы цифрлық платформалардың болашақ ұрпаққа әсерін тілге тиек етті. Президент қазір балалар цифрлық дүниелерге тәуелді болып, виртуалды әлемге шектен тыс құмартып отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды.
Көрші елге тиесілі бұл платформаны кейбір шығармашыл адамдар жасөспірімдерді елдің білімі мен тарихына қызықтыру үшін пайдаланып жүр. Өкінішке қарай, пайдалы контент салыстырмалы түрде теңізге тамған тамшыдай аз болып тұр.