«Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім электронды түрде қабылданады,
«Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім енді электронды түрде қабылданады, деп хабарлайды 24kz.
Ағымдағы жылдың 1 қазанында іске қосылған ақпараттық жүйе арқылы мыңнан астам жоба ұсынылып, соның 384-і мақұлданып үлгерген. Саланы цифрландыруға бағытталған жаңашылдық үй жануарларын бірдейлендіру, агроөнеркәсіптік кешендерді басқару және субсидия беруге де қолданылады. Яғни, асылтұқымды мал бағу немесе егін өсіруге ден қойған шаруалар мемлекеттік көмек алуға онлайн өтініш береді. Бір ғана субсидия тағайындау порталына 90 мың пайдаланушы тіркеліп үлгерген. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынын алу кезегі де автоматты түрде жүзеге асады. Сондай-ақ агротауарларды өндіру циклы толық цифрлы ақпараттық жүйеге қосылады.
Бағлан Бекбауов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бұл жоспардың төңірегінде тұтынушы не алады? Біріншіден, алып отырған тауардың қаншалықты қауіпсіз, сапалы, қай жерден шыққаны туралы мәліметтің бәріне қолы жететін болады. Екіншіден, шетелден кіретін түрлі тауарлардың саны мен контрабанданы реттеуге қол жетеді. Сонымен қатар субсидия алып отырған өндірушілер бар. Солардың басында еккен жерлерінен қанша өнім алып отырмыз? Салынған субсидияның тиімділігі неше екенін мониторинг етуге қол жетеді. Жалпы субсидияға осы жылы бөлінген фермерлердің қолына түсетін ақша 254 млрд теңге. Ендігі жылға қанша қосымша немесе басқа агроөнеркәсіптік салаға қандай қаражат керек екенін осы ақпараттық жүйе арқылы біліп отырамыз.