Ақтауда теңіз суын тұщыту көлемі артады
Біздің елде теңіз суын тұщытып ішетін жалғыз қала – Ақтау.
290 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарды тіршілік нәрімен «МАЭК» энергетикалық мекемесі қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын тәулігіне 52 мың текше метр ауызсу өндіреді. Биыл қосымша 6 мың метр текше су тұщытатын қондырғы тестілеу режимінде іске қосылды. Жоспар бойынша бұл жоба 2025 жылы толық қуатына шығуға тиіс.
Энергетикалық кәсіпорында 3 электр станциясы мен су тұщыту кешені бар. Арна арқылы алынған теңіз суы екі мақсатта қолданылады. Біріншіден, ол тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғыларды салқындату үшін қажет. Тұзды суды ішуге жарамды ету үшін №2 жылу электр орталығының қазандықтары жоғары қысымды бу жібереді. Осындай процестен кейін дистиллят пайда болады.
Ерболат Ибрагимов, «МАЭК» ЖШС Пайдалану жөніндегі департамент директоры:
- Ауызсу дайындау станциясында өндірілген дистиллят «Құйылыс-меловой» кенорнындағы жерасты суларымен қосылып, арнайы технология бойынша қатаң тәртіпте араластырылып әрі қарай ауыз суға айналады. Бұл су қосымша фтормен, кальциймен байытылып, арнайы сүзгілерден өткізіліп әрі қарай тұтынушыларға жіберіледі.
Кәсіпорын қала іргесіндегі әскери бөлімдер, шаруа қожалықтары мен өндірістік аймақта орналасқан өндіріс орындарын да ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Сәйкесінше, тіршілік нәріне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Жыл басында кері осмос тәсілімен тұщытатын жаңа қондырғы тестілеу режимінде іске қосылды. Озық технология жуырда орталық сумен жабдықтау торабына жалғанды.
Денис Саморуков, "МАЭК" ЖШС Дистиллят және өндірістік жылу, сумен жабдықтау зауытының директоры:
- Су тұщытатын мембрананы өткізу жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Нәтижесінде, бізге «Құйылыс» кенорнынан құбырмен келетін жерасты суы сүзгілеуден өтеді. Ішуге жарамды ету үшін тұщыту кешеніне өтіп, су құрамы минералдармен байытылады.
Энергокомбинат қазір тәулігіне 52 мың текше метр ауызсу өндіреді. Келер жылы жұмыс қуатын көбейту жоспарланған. Сондай-ақ Ақтауда су тапшылығы мәселесін толық шешу үшін тәулігіне 24 мың текше метр су тұщытатын тағы бір қондырғы салу күн тәртібінде тұр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев,