Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің 80%-ы жылу беру маусымына дайын

Ақтөбедегі көпқабатты тұрғын үйлер алты ай қысқа әзірлік жұмыстарын пысықтап жатыр.

Мәселен, мына баспананың құбырлары санаулы күннен кейін жоғары қысыммен тексеріледі. Көпқабатты үйге қызмет көрсететін комуналдық мекеме төрайымы Алмагүл Тоқтауова құбырларды ауыстырып үлгеретінін айтты.

Алмагүл Тоқтауова, қызмет көрсетуші компания директоры:

- 79-үйде жұмыс бар, ауыстыратын 2 тиегіш, сосын 15 метрдей құбырды алмастырамыз. Үлгереміз, бізде жөндеу жұмыстары тек жол трассалары ғой. Ал мыналар майланып, ревизия жасалған.

Ақтөбеде 1538 көппәтерлі баспана орталық жылыту жүйесіне қосылған. Қазір олардың 1215-і дайындық паспортын алып отыр. Қалалық Тұрғын үй инспекциясы басшысы: «Қалғандары да қыстыгүні жылусыз қалмайды», – дейді.

Ақнұр Қазбаева,  қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Бізде Ақтөбе қаласы бойынша басқару органы жоқ 15 шақты үй бар. Ол – жатақханалар. Ол үйлер біздің бақылауымызда.  Жылу барлығына түгелдей беріледі.

Биыл Ақтөбеде 7 шақырымға жуық жылу жүйесі жаңартылды. Бұрын магистралдық және кварталішілік желілер ғана жаңартылып келсе, бұл жолы коммуналдық мекемеге тиесілі құдықтардан көп қабатты үйлерге дейін тартылған құбырлар жаңартылған.

Жанболат Сарманов,  бас инженердің орынбасары:

- 8 жоба бойынша 699 млн теңгеге инвестициялық бағдарламамен қайта құру жұмыстары жүргізілді. 295 млн теңгеге жылу желілерінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни жылу камераларынан үйге баратын құбырлар алмастырылды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша жылу маусымына толық дайындық бар.

Жалпы өңірде жылыту маусымы қазанның 7-і басталуы тиіс. Әуелі жылу балабақшалар мен мектептер, ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандарға беріледі. Көпқабатты үйлер мен өзге де ғимараттар 10 қазаннан бастап қамтылады. 

 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов