Ұлттық ядролық орталық: АЭС қоршаған ортаға зиян келтірмейді
Елде энергия тапшылығы жыл сайын артып келеді.
2035 жылға қарай сұраныс 3 гигаватқа жетуі мүкін. Сарапшылардың айтуынша, жетіспейтін энергия орнын толтыру үшін ірі қуат көздері қажет.
Ғалымдардың басым көпшілігі: «Мәселені шешу үшін атом энергетикасын дамыту қажет», – дейді.
Қазір елдегі электр энергиясының басым бөлігі көмірден алынып отыр. Жылу электр орталықтарының үлесі 60%-тен асады. Өндірілген энергияның негізгі тұтынушысы – ірі өндіріс ошақтары. Алайда кәсіпорындардың сұранысы жыл санап өсіп келеді. «Оларды келешекте тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын дамыту керек», – дейді мамандар.
Ерлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:
- Елдегі көмір станцияларының көпшілігі кеңес өкіметі кезінде салынғаны белгілі. Бүгінде олар әбден тозып, әрең жұмыс істеп тұр. Келешекте станцияларды ауыстыру қажет. Ол кәсіпорындарды тек атом энергиясын өндіретін желімен алмастыруға болады. Көмір жағатын станциялармен салыстырғанда атом электр станциясы қоршаған ортаға қауіпсіз және экологиялық жағынан таза.
Ғалымның айтуынша, атом энергетикасын дамытуда қауіпсіздікке баса назар аудару қажет. Қазір әлемде тұрғызылып жатқан станцияларда бұл мәселе барынша ескерілген. Яғни атом электр станцияларының 3 және 3+ буындарында қауіпсіздік жан-жақты ойластырылған.
Нұржан Мұхамедов, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты филиалының Реакторлық құрылғыларды әзірлеу және сынау бөлімінің басшысы:
- Олардың активті, пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Сонымен қатар реактордың астында арнайы балқыма тұзағы бар. Сыртында сыртқы контейнменті бар, ол болаттан жасалған. Оның сыртында бетоннан жасалған арнайы ғимарат. Және де айтып кететін жайт, осы ядролық реакторлар, 3-ші, 3-ші + буынды реакторлар әуеден түскен ұшаққа төтеп бере алады. 8-9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Және де пассивті жүйесіне келетін болсақ, осы қауіпсіздікті ңпассивті жүйесі – ол өздігінен 72 сағатқа дейін суыта алады осы реактор.
Атом энергетикасының тағы бір артықшылығы – тұрақтылығы. Егер басқа жаңартылатын энергия көздері күн мен желге тәуелді болса, атом электр станциялары үздіксіз қуат береді. Қазір әлемде атом энергетикасына айрықша көңіл бөлініп отыр. 30-дан астам елде 415 реактор жұмыс істеп тұр. МАГАТЭ-нің болжамы бойынша 2050 жылға қарай жаһандағы электр энергиясының 14% атом электр станциялары өндіруі мүмкін.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Нұрғали Мамырбаев