Павлодарда жылу магистралі жаңғыртылды

Павлодарда №13 жылу магистралінің құрылысы аяқталды.

Жоба құны –  шамамен 7 млрд теңгеге жуық. Мердігерлер нысанды қысқа мерзімде салып шықты. Сөйтіп, жылу трассасы уақытында іске қосылды. Ірі коммуналдық жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет резервінен бөлінген қаржыға салынды.

Қамзин көшесінің бойымен өтетін жылу магистралінің әбден тозығы жеткен еді. Желіде ірілі-ұсақты апат жиі болатын. Әрі жылу трассасының қуаттылығы шағын ауданды жылумен қамтуға жетпейтін. Ұзақ жылға созылған мәселе шешімін тапты. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің резервінен жылу магистралін жаңартуға қомақты қаржы бөлінді.

Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:

- Бізде бұл жерде магистральды құбырдың диаметрін 500-ден 800 мм-ге ұлғайту қарастырылған. Бұл 250-ден астам көппәтерлі үйді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады. Құбырлардың 100% тозуы басты мәселе болатын. Әсіресе жылу маусымы басталған кезде құбырлар жиі жарылып, көптеген ақау пайда болатын.

Полипропиленмен қапталған жаңа жылу магистралі жердің астымен өтеді. Бұл қайраң суға батып тұратын жылу желілерінің қолданылу мерзімін ұзартады. Құрылысқа жер асты сулары кедергі болды.  Сондықтан, құбырларды  дымқылдан сақтау үшін, ондаған гидрооқшаулағыш камера салуға тура келген.  

Сырым Исмағұлов, мердігер ұйымның жоба менеджері:  

-  Жер асты суларымен құрылыс басталған кезден  күрестік. Су қорын төмендететін ұйымды тартуға тура келді. Бірақ бәрі ойдағыдай аяқталды. Құрылыс барысында туындаған қиындықтар артта қалды.

Су басқан көшемен жүру тұрғындарға қолайсыз болғаны рас. Қамзин көшесінің 2,5 шақырымы жаз мезгілінде құрылыс алаңына айналды. Есесіне жылу дер кезінде берілді. Тұрғындар енді қыс айларында жылу мен ыстық суға қатысты мәселе туындамайды деп сенеді.

Людмила Козлова, қала тұрғыны:

- Жылуды уақытында берді. Кейбір үй тұрғындары үйіміз ыстық деп шағымданып жатыр. Қазір күн жылы ғой. Біз қыс мезгіліндеүйіміздің жылы болғанын қалаймыз.

Қазір көшені жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер ұйым  жолдың асфальт жабынын қалпына келтіріп жатыр. Барлық жұмыс қазанның 10-на дейін аяқталады.  

 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев