10 мемлекеттен келген белсенді волонтерлер Астанада кездесті
Азия елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесуде еріктілер қозғалысының маңызы ерек.
Өйткені олар сан саланың өркендеуіне және алуан түрлі шараның жемісті өтуіне аянбай атсалысады. 10 мемлекеттің белсенді волонтерлерінің басы қосылған слеттің пленарлық отырысында жаһандық бірлікті қалыптастырудағы еріктілер еңбегі ерекше атап өтілді. Ал панельдік сессияда төтенше жағдай зардабын жою, денсаулық сақтау, экологияны оңалту, әлеуметтік және инклюзивті еріктілікті дамыту тетіктері қаралды. Инновациялық тәсілдер мен халықаралық тәжірибені енгізе отырып, зейнет жасындағы волонтерлердің тәрбиелік-танымдық әлеуетін кеңінен пайдалану ұсынылды. "Сондай-ақ егде жастағы еріктілердің жас ұрпаққа рухани-мәдени тұрғыда берері мол" дейді қатысушылар.
Ляззат Өтеғұлова, волонтер:
- Мектепте өзіміздің жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз, тарихымыз туралы күміс еріктілер ашық сабақ, тәрбие сағаттарын өткізіп тұрады. Біздің Нұра ауданында әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға. Біз сол орталыққа барып тұрамыз ата-әжелер болып. Өйткені сол жердегі аналар 24 сағат сол балалармен бірге. Аналарының да көңілін көтергіміз келеді. Олар да адам сияқты демалғысы келеді. Жиі-жиі концерттік бағдарламамен барамыз. Балалар да бізге концерт қойып береді. Сондай ізгі қарым-қатынастамыз.