Ақмола облысында әскери оқу-жаттығу өтті

Ақмола облысында 36-шы ерекше мақсаттағы бригаданың роталық тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Оған 200-ге жуық жауынгер қатысып, әскери дайындықтарын пысықтады. Арасында қарапайым сарбаздардан бастап, офицерлік құрамға дейін бар.

Құрлық әскерлері қазақ армиясының ең басты екпінді күші әрі қорғанышы. Саны мен құрылымы жағынан басқалармен салыстырғанда едәуір үлкен. Cондықтан осында тап болған сарбаздар мен офицерлер қызметінің басым бөлігін полигонда өткізеді.  

Командирдің белгісінен кейін оқу-жаттығу жиыны ресми түрде басталды. Қару асынған сарбаздар мен жаяу ұрыс машиналары, танкілер жапан даланы жаңғыртып, жерді дүр сілкінтіп нысаналарды дәлдей бастады. 

Абай Әлібеков, ерекше мақсаттағы бригада командирі:

- Сіздердің қазір көргендеріңіз әскердің базалық аумақтағы іс-қимылы, шерудегі іс-қимылы. Әр тактикалық жаттығуды жаңартып отырамыз. Жан-жағымызда қазір соғыс қақтығыстары көп болып жатыр. Содан тәжірибе алып, қосып отырамыз.

 Мерей Қанапия, тілші:

- Осыған дейінгі түсірілімдердің бірінде СПГ-мен атсам, енді РПГ қаруымен де ату бұйырып тұр екен. Өздеріңіз білетіндей бұл қаруды қазақ әскері кеңінен қолданады. Яғни жаудың техникасының күл-талқанын шығаратын алапат күшке ие. Қазіргі әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тұла бойымда, қанымда адреналин ойнап тұр.

Ерекше мақсаттағы бригада құрамында қызмет ету әркімге бұйырмайтын бақ, жігіттер үшін құрмет. Әсіресе қатардағы жауынгерлер жиында өздеріне жүктелген тапсырмаларды абыроймен атқарып шықты. Сәйкесінше командир де жаттығуды жоғары бағалап, ертең үйлеріне аттанғалы тұрған сарбаздарға алғысын білдірді. 

Аян Миятбек, қатардағы жауынгер:

- Мен әскерден көп нәрсе үйрендім десем де болады. Қаруды, әскери тәртіпті, әдептілік, ұқыптылық деген сияқты. Жаттығулар онша қиын емес, оңай да емес бірқалыпты.  

Мұның барлығы айлап айла іздеп, жылдап жаттыққан жауынгерлердің тек бір күндік дайындығы. Олар қашанда төтеннен болатын оқыс оқиғаларға тосыннан тойтарыс беруге қабілетті. Себебі құрлық әскері қайда болса, жеңіс те сонда.

Мерей Қанапия, Артур Горшняков