Түркі мемлекеттері ұйымының құрылғанына 15 жыл толды

Түркі тілдес мемлекеттердің ұйымына биыл 15 жыл толып отыр.

2009 жылы Кеңес ретінде құрылып,  2021 жылы Ұйым мәртебесін иеленген құрылымның өзара ықпалдастығы артып келеді. Осыған орай Анкарада Түркі елдерінің қоғам қайраткерлері бас қосып, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесін сөз етті.

Түркі ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегі. Осындай атаумен Анкарада панельдік сессия өтті. Оған ұйымның беделді басшылары мен өкілдері қатысты. Жиын барысында түркі әлемінің мәдени мұрасы, білім беру және экономикалық даму саласындағы өзара қолдау мәселелері қарастырылып, жаһандық үрдістер аясында ынтымақтастықты тереңдету жолдары талқыланды. 

Сейит Юсуф, халықаралық Түрксой ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде халықтарымыз арасында мәдени, экономикалық және саяси ынтымақтастықты нығайтып отырған маңызды ұйымдардың бірі. Нахчыван келісімі серіктестікті арттырып, өзара ықпалдастық үшін жаңа платформа ұсынды. Бара бара осы бағытта түрлі салаларда әріптестікті күшейтетін маңызды ұйымдар құрылды.

Анкарадағы басқосу қабылдау кешімен жалғасты. Салтанатты іс-шарада Түрік академиясының үлесімен ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығы және Жібек фотокөрмесі ашылды. Түркі мемлекеттері ұйымының, оған мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің фильмдері көрсетілді. 

Кубанычбек Омуралиев, түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы:

- Ортақ тарихымыз, тіліміз бен салт-дәстүріміздің берік іргетасына құрылған бірлігіміз жыл өткен сайын нығайып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы саяси, экономикалық, мәдени, білім беру және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастықты ілгерілетудің қозғаушы күшіне айналды. Қазіргі уақытта көп сала бойынша серіктестік қақынды дамып жатыр. 

Али Эрликая, Түркия ішкі істер министрі:

- Түркі мемлекеттері ұйымы мүше мемлекеттер арасындағы сауда мен инвестицияны ілгерілету арқылы экономикалық байланысты дамытуда маңызды рөл атқарды. Бірлестік аясында құрылған әртүрлі тетіктер арқылы біз аймақтық сын-қатерлерге қарсы күресімізді күшейтеміз. Халықаралық және өңірлік қауіпсіздік үшін әріптестікті нығайтамыз.

Әлемде геосаяси жағдай күрделеніп тұрған шақта Түркі мемлекеттерінің дербес ұйым болып құрылуы – уақыттың өзі талап етіп отырған құбылыс. Бауырлас мемлекеттер түрлі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру, экономикамызды бірге дамыту, ортақ мүддемізді бірлесіп қорғауды күшейтуге ниетті.

Меруерт Қанағат