Қазақстан Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде 78-орында тұр

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің 2024 жылғы есебін жариялау рәсімі өтті.

Бұл Орталық Азия елдері үшін маңызды оқиға. Аталмыш шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиынға Әділет министрлігі мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы мұрындық болды. Әлем назарын аударған басқосуда сөз алған Әділет министрі Азамат Есқараев еліміздің инновациялық технологияларды дамытудағы жетістіктерін тілге тиек етті. Мәселен, биыл Қазақстан жаһандық рейтингте 81-ші орыннан 78-ші сатыға көтерілді.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:

- 2019 жылдан бері өнертабыстарға сегіз мыңнан астам патент берілді. Бұл еліміздің зияткерлерін ынталандыруға бет бұрғанын көрсетеді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс бұдан да қарқынды жалғасуы керек. Біз қазір заңнаманы жетілдіре түсуге күш салып жатырмыз. Зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған реформалар жасалды. Олар Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сай. Осылайша Жаһандық инновациялық индекстің келесі есептеріндегі нәтижемізді жақсартуға ниеттіміз.

Саша Вунш-Винсент, дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бөлім басшысы:           

- Қазақстан біздің рейтингте көшбасшы елдердің бірі. Сонымен қатар биыл алғаш рет Оңтүстік және Орталық Азиядағы үздік үштікке енді. Бұл өте маңызды. Қазақстан экономикасының құрылымы да көрші елдерден өзгеше. Даму қарқыны да бөлек. Сондықтан жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыру кезінде қаржылық қиындық туындамайды. Яғни, Қазақстанның жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігі жоғары деген сөз.