Кәсіпкер туған ауылына 120 жылқы сыйлады

Абай облысында белгілі кәсіпкер өзі туып өскен ауылына 120 бас жылқы тарту етті.

Игі шара Абай ауданындағы Тоқтамыс ауылында ұйымдастырылды. Кәсіпкер Ақан Әбілдин айтулы шараны 40 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер кездесуіне арнады.

Тоқтамыс ауылында мұндай ауқымды шара алғаш рет өтіп отыр. Түлектер кездесуінде ауыл тұрғындарына концерттік бағдарлама әзірленген. Тоқтамыс батырдың өмірі жайлы қойылым ұйымдастырылып, 60 тан астам отбасыға арнайы сертификат табысталды.

Ақан Әбілдин кәсіпкер:

- Халқым үшін енді елім үшін. Енді біз өзі алпысқа келіп қалдық қой енді. Біз енді Абай емеспіз өлең жазатын. Осылай жомарттығымызды көрсетпесек қай жағынан көрінеміз.

1984 жылы 60 оқушы ауылдағы мектептен түлеп ұшқан. Биыл олардың оқу ордасын тәмамдағанына 40 жыл. Кездесу аясында Абай өңіріне белгілі кәсіпкер Ақан Әбілдиннің ауылға сыйы ретінде әр отбасыға бірнеше бас жылқыдан үлестірілді. 

Заңғар Жарқынбай, Тоқтамыс батыр ауылының тұрғыны:

- Үлкен рақмет айтамыз Ақан ағамызға. Бала-шағасының қызығын көрсін. Енді осы малды өсіріп, игілігімізге пайдаланамыз деп ойлаймын.

Тоқтамыс ауылы әлеуметтік-экономикалық жағынан даму үстінде. Ауылдан шыққан жомарт азаматтар мұнда клуб пен мешіт салған. Ал биыл жергілікті әкімдік балалар ойын алаңын орнатып, ауылға кіреберістегі 20 шақырым жолды жөндеуге кірісіпті. 

Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:

- Іс-шарамыз әлі де басқа аудандарға басқа республиканың әр түпкіріндегі осындай жүрегі жомарт азаматтарға үлкен бір серпіліс беріп ол азаматтар да осыдан үлгі алып, отбасыларды қолдап ауылымыз ары қарай дамиды деген ойдамын. 

Түлектердің 40 жылдан кейінгі кездесуі Аламан бәйгемен түйінделді. Оза шапқан шабандоздарға автокөлік пен ақшалай сыйлықтар берілді. 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов