Қарулы күштер Зымыран әскерлері мен артиллерия күнін атап өтті
Еліміздің Қарулы күштері Зымыран әскерлері мен артиллерия күнін атап өтті.
Кәсіби мерекеге орай, Ұлттық әскери-патриоттық орталығында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Жеке құрамды атаулы күнмен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов құттықтады. Шара барысында бірқатар әскери қызметшілер құрмет грамоталарымен марапатталды. Атап өтерлігі, еліміздің зымыран әскерлері соңғы жылдары артиллерияның заманауи үлгідегі оптикалық, радиолокациялық және әуе барлау құралдарымен толықтырылып келеді. Бұл- әскердің қуат-күшін еселеп, әлеуетін арттыруға сеп болып отыр.
Тілек Серікбаев, ҚР Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атыс соққысы жөніндегі орынбасары:
- Аталған шараға құрлық әскерлерінің барлық гарнизондарынан жауынгерлер қатысты. Олар әскери дайындық нәтижесі бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетті. Зымыран әскерлері біздің ардагерлеріміздің абыройлы жолын жалғап келеді. Осы орайда барлық қазақстандық артиллерия саласы мамандарын кәсіби мерекемен құттықтаймын.