Маңғыстаудағы Сайөтес ауылы шопандар тойын тойлады

Маңғыстау облысында «Шопандар тойы» кең көлемде тойланды.

Сайөтес ауылында киізүйлер тігіліп, мерекеге жиналған көпшілік аламан бәйге, қазақ күресі, өгіз-қошқар көтеруден сайыстарды тамашалады. Салтанатты шарада аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай төрт түлік өрістетіп отырғандардың қажырлы еңбегіне алғыс айтты.

«Шопандар» тойы Маңғыстауда 1993 жылдан бері алғаш рет тойланып отыр. Осы аралықта өңірде мал саны айтарлықтай өсіп, шаруа қожалықтары көбейді. «Климаты ыстық жерде төрт түлік бағу оңай шаруа емес. Шопандардың ерен еңбегі дәріптелетін мереке жыл сайын тойланғаны дұрыс», - дейді облыс әкімі. 

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Келесі жылы шопандар тойын «Шопан ата» тұсында Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданы әкімдігіне тапсырып, арғы жылы тағы екі ауданға. Менің түсінігімде «Шопандар тойы» деген біздің Маңғыстау үшін қасиетті «Амал» мерекесінен кейін екінші той болуы керек. Көптен көрмеген, мал шаруашылығы айналасында жүрген азаматтардың бір-бірімен қауышуы, өткен-кеткенді еске алуы деген сияқты бұл да біз өзгеше той.

Салтанатты шараны Маңғыстау және Бейнеу ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Көпшілік концерт көріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Аймақта мал басын көбейту саласына өлшеусіз үлес қосқан бір топ адам марапатталды.

Темірхан Жүнбасов, "Еңбек ардагері" медалінің иегері:

- Кешегі уақытта жылма жыл осы Үстірттің үстінде малшылар тойы болатын. Бұрыннан жұмыстас, жолдас адамдарды көреміз. Олардың жетістігін былай тәжірибе ретінде пайдаланамыз кейде. Соған бір марқайып қалатынбыз. Бізге болғаны жақсы. 

Шопандар мейрамы соңында ұлттық ойындар жеңімпаздарына сый-сияпат көрсетілді. Аламан бәйгеде топ жарған жетібайлық шабандозға су жаңа автокөлік берілді.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев