Қазақстандық жеткіншектер Дельфи ойындарынан жүлдемен оралды

ТМД елдері арасында ұйымдастырылған Дельфи ойындарында Қазақстаннан барған балалар 8 аталым бойынша өнер көрсетіп, солардың жетеуінен жүлделі орындарға ие болды.

Жарыс Бішкекте өткен. Алғаш рет оған 7 мен 14 жас аралығындағы жеткіншектер қатысты.

Дельфи ойындарында алғаш рет қатысушылар ым тілімен әндер орындады. Бұл номинация Қазақстан бастамасымен жарыс бағдарламасына қосылған. Бішкектегі байқауда тиісті аталым бойынша барлық жүлделі үш орынды қазақстандық орындаушылар иеленді. Ал алтын медаль павлодарлық Ламина Шегебаеваға бұйырды.

Ламина Шегебаева, Дельфи ойындарының қатысушысы:

- Мен бірінші орын алдым. Өз өнерімді көрсетіп қана қоймай, жаңа достар таптым. Мен төрт түрлі ән орындадым.

Қазақстан атынан балалар арасындағы Дельфи ойындарына 62 адам барған. Олардың 29-ы жеке орындаушы, қалғандары екі музыкалық ұжым мүшелері. Барлығы тамызда Көкшетауда өткен Ұлттық Дельфи ойындарының жеңімпаздары. Қатысушылардың алды 8-де. Қазақстандықтар 11 аталымның сегізі бойынша өнер көрсетті.

Амира Асылбекова, балалар шығармашылық студиясының жетекшісі:

- Халықаралық Дельфи ойындарында Жас Орбас ұжымы екі қазақ және бір ұйғыр биін биледі. Балаларымыз қимылдармен халқымыздың мәдениетін мен салт-дәстүрін жақсы көрсете алды. Шәкірттерімді мақтан тұтамын. Олар жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Дельфи ойындарын ұйымдастырудағы басты мақсат - дарынды балаларға қолдау көрсету. Би мен музыка арқылы олардың ұлттық салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін оояту.

Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев